
2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасында сапаны бақылау, қауіпсіздік және халық үшін нысандардың қолжетімділігі саласында маңызды өзгерістерді көздейтін жаңа Құрылыс кодексі күшіне енеді.
Негізгі жаңашылдықтардың бірі — нысандардың сәйкестік декларациясына қол қою тәртібінің өзгеруі. Енді бұл процеске Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің аумақтық департаменттері қатысатын болады.
Бұл мүгедектігі бар адамдар мен жүріп-тұруы шектеулі азаматтар үшін қолжетімділік талаптарының сақталуын бақылау функциясы жергілікті атқарушы органдардан (ЖАО) аумақтық департаменттерге берілетінін білдіреді.
Бұл іс жүзінде не береді?
Ең алдымен — шын мәнінде қолжетімді әрі кедергісіз орта қалыптастыруға бақылау күшейтіледі. Нысандарды пайдалануға беру кезінде мына мәселелерге ерекше назар аударылады:
• пандустардың болуы мен сапасына;
• кіреберіс топтарының қолжетімділігіне;
• санитарлық бөлмелерге;
• лифттер мен қозғалыс жолдарына;
• тактильді көрсеткіштер мен навигацияға;
• азаматтардың жайлылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін басқа да элементтерге.
Сәйкестік декларациясы — жай ғана формалдылық емес екенін түсіну маңызды. Бұл нысанның заңнама талаптарына, құрылыс нормаларына және жобалық құжаттамаға, соның ішіндефқолжетімділік талаптарына сәйкес келетінін растайтын ресми құжат.
Жаңа тәсіл құрылыс процесіне қатысатын барлық тараптардың — жобалаудан бастап нысанды пайдалануға беруге дейінгі — жауапкершілігін арттыруға бағытталған.
Бүгінде қолжетімді орта — тек заң талабы ғана емес, сонымен қатар өмір сапасының, әлеуметтік жауапкершіліктің және әрбір адамға деген құрметтің көрсеткіші.
Мүгедектігі бар адамдар, қарт азаматтар, балалы ата-аналар және халықтың басқа да жүріп-тұруы шектеулі топтары үшін жайлы қалалық орта қалыптастыру мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала береді.
Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Алматы қаласы бойынша департаменті – құрылыс ұйымдарын, нысандарды жобалау кезеңінің өзінде қолжетімділік талаптарын ескеруге шақырады. Дәл осындай тәсіл барлық азаматтар үшін заманауи, қауіпсіз және шын мәнінде ыңғайлы кеңістіктер құруға мүмкіндік береді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty-almaly/press/news/details/1225631?lang=ru

Жауап қалдыру