
Өңір басшысы Асхат Шахаров және «Бибі-Ана» қоры президенті Бибігүл Иманғазина қатысқан салтанатты шарада құрылыс жұмыстары басталатыны мәлім болды.
Асхат Шахаров бұл жобаның өңір үшін маңыздылығын атап өтіп, мұндай бастамалар ерекше қажеттілігі бар балалар мен олардың отбасыларының өмір сапасын жақсартуға тікелей әсер ететінін айтты. Сондай-ақ ол Бибігүл Иманғазинаға белсенді азаматтық ұстанымы, жанашырлығы және әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға қосқан нақты үлесі үшін алғыс білдірді.
«Мемлекет басшысы әділетті әрі инклюзивті қоғам құруға ерекше көңіл бөліп келеді. Бұл бағытта ерекше қажеттілігі бар балалар мен олардың отбасыларын қолдау аса маңызды. Сондықтан бұл жоба ата-аналар мен балалар үшін үлкен үміт. Орталықта балалар сапалы оңалту көмегін алып, қажетті ем қабылдап, әлеуметтік бейімделуге қолдау табады. Ең бастысы — мұнда олар қамқорлық пен мейірімге бөленеді», — деді облыс әкімі.
Бибігүл Иманғазинаның айтуынша, «Бибі-Ана» қоры — халыққа, әсіресе әйелдерге, балаларға және әлеуметтік осал топтарға әлеуметтік, гуманитарлық әрі моральдық қолдау көрсететін қоғамдық қайырымдылық қоры. Қор атауы отбасы мен дәстүрдің ұйытқысы саналатын анаға деген құрметті білдіреді. Ұйым өз жұмысын мейірімділік, өзара көмек және әлеуметтік жауапкершілік қағидаттарына негіздейді.
«Көптеген бала дер кезінде көмек ала алмайды, себебі олардың ауруы кеш анықталады. Соның салдарынан олар даму, білім алу және қолдау көрсету үшін маңызды уақытты жоғалтады.
Диагностиканы жақсарту мәселені ерте кезеңде анықтап, уақытылы әрекет етуге мүмкіндік береді. Бұл — баланың өмірін жақсы жаққа өзгертуге берілетін нақты мүмкіндік», — деді Бибігүл Иманғазина.
Қор ана мен баланы қолдау бағытындағы жобаларды белсенді жүзеге асырып, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетуде. Сонымен қатар спорт, білім беру және өңірлердің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға атсалысады. Елдің шағын қалалары мен аудандарында қор маңызды қоғамдық және қайырымдылық бастамалардың ұйытқысына айналып отыр.
Орталық салынатын жер телімінің жалпы аумағы — 0,40 гектар. Жобалық-сметалық құжаттама дайын. Болашақ орталық екі қабатты ғимаратта орналасады. Құрылыс жұмыстары биыл басталып, нысанды бір жарым жыл ішінде аяқтау жоспарланып отыр.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ляззат Оразбаеваның мәліметінше, өңірде 32 мың мүгедектігі бар адам тұрады, оның 5600-і — балалар. Шалқар ауданында 260 кәмелетке толмаған бала мүгедектік алған. Бүгінде өңірде ерте диагностика және ерте көмек көрсету орталықтары жұмысын бастауда. Алдағы уақытта мұндай орталықтарды Әйтеке би, Алға, Мұғалжар, Қобда, Темір және Ойыл аудандарында ашу жоспарланып отыр.
Шалқардағы жаңа нысан ерекше балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар үшін үлкен қолдау болмақ.
Жобаның құны — 1,5 млрд теңге. «БИБІ-АНА» қорының мәліметінше, орталық кешенді оңалту жүйесі бар балабақша қағидатымен жұмыс істейді. Мұнда балалар қалпына келтіру шараларынан өтіп, мамандар көмегін алып, ауруларды ерте анықтау қызметтеріне қол жеткізе алады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/1225160?lang=ru

Жауап қалдыру