
Түркістан облысында полицейлердің қатысуымен өткен рейдтік-профилактикалық іс-шараға елімізге танымал “Миллион” командасының актері Ерболат Заркумов қатысты. Іс-шара барысында тәртіп сақшылары мен танымал актер көлік жүргізушілерімен кездесіп, жол қозғалысы ережелерін сақтау, қауіпсіздік белдігін тағу, көлік құралдарын заң талаптарына сай пайдалану және жол мәдениетін қалыптастыру бағытында түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Сонымен қатар тұрғындарға арнайы ақпараттық жадынамалар таратылды. Кездесу кезінде жастардың сүйікті актері Ерболат Заркумов алдағы 25 мамыр – Соңғы қоңырау мерекесіне байланысты мектеп бітіруші түлектерге үндеу жасап, жол қауіпсіздігін сақтауға шақырды. Жедел-профилактикалық іс-шара барысында бірқатар құқық бұзушылықтар да анықталды. Атап айтқанда, Темірлан ауылындағы көшелердің бірінде Toyota Alphard автокөлігінің алдыңғы екі терезесінің күңгірттелгені белгілі болды.
Сонымен қатар жүргізушінің жолаушыларды түсіруге тыйым салынған жерге тоқтағаны анықталып, оған қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Полиция жол қозғалысына қатысушыларды қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырып, жол ережелерін сақтау адам өмірі мен денсаулығын қорғаудың басты кепілі екенін еске салды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-turkistan/press/news/details/1225856?lang=ru

Жауап қалдыру