
Түлкібас аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жергілікті тұрғынға қатысты жасалуы мүмкін интернет-алаяқтық дерегінің жолын кесті. Полицияға егде жастағы әйел хабарласып, ұялы телефонына банктік қосымша мен «eGov» сервисі арқылы өз атына несие рәсімделгені туралы күмәнді SMS-хабарламалар келгенін жеткізген.
Аталған мекенжайға учаскелік полиция инспекторы Нұрбол Асырауов жедел жетіп, мән-жайды мұқият тексерді. Тексеру нәтижесінде азаматшаның атына ешқандай несие рәсімделмегені анықталып, ықтимал алаяқтық әрекеттердің алдын алу мақсатында қажетті шаралар қабылданды.
Полицейдің жеделдігі мен кәсіби іс-қимылының арқасында интернет-алаяқтықтың алдын алып, тұрғынның қаржысын сақтап қалуға мүмкіндік туды.
Тәртіп сақшылары алаяқтардың өзін банк қызметкері, құқық қорғау органы өкілі немесе мемлекеттік қызмет маманы ретінде таныстырып, SMS-хабарлама, қоңырау немесе мессенджерлер арқылы азаматтарды алдауға тырысатынын ескертеді.
Осыған байланысты полицейлер тұрғындарға бөгде адамдарға SMS-кодтарды, банк карталарының деректерін және жеке мәліметтерін бермеуге, күмәнді сілтемелерге өтпеуге, сондай-ақ күдікті хабарламалар мен қоңыраулар түскен жағдайда бірден «102» нөміріне хабарласуға кеңес береді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-turkistan/press/news/details/1225854?lang=ru

Жауап қалдыру