
20 мамыр күні Тараз қаласында Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жанындағы Үйлестіру кеңесінің көшпелі отырысы өтті.
Омбудсмен Артур Ластаевтың төрағалығымен өткен отырыс барысында азаптауға, қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын қарым-қатынас пен жазаға қарсы іс-қимыл туралы арнайы баяндама таныстырылды.
Баяндамада елдегі азаптаудың алдын алу жүйесіне объективті баға беріліп, ұлттық нормалар мен құқық қолдану тәжірибесінің халықаралық стандарттарға сәйкестігі, сондай-ақ осы жағымсыз құбылыстың алдын алу тетіктерін одан әрі дамыту мен жетілдіру перспективалары қарастырылған.
Артур Ластаев атап өткендей, Қазақстан азаптаудың алдын алудың тиімді жүйесін қалыптастыру бағытында үлкен жұмыс атқарды: негізгі халықаралық ұсынымдар іске асырылды, Ұлттық алдын алу тетігі (ҰАТ) құрылып, табысты жұмыс істеуде, азаптауға қарсы күрестің заңнамалық және институционалдық негіздері жетілдірілді, азаптау жасаған тұлғалар татуласу, рақымшылық немесе шартты түрде мерзімінен бұрын босату арқылы жауапкершіліктен құтыла алмайды, сондай-ақ азаптау қылмыстарына ескіру мерзімі қолданылмайды.
Пенитенциарлық жүйедегі корпоративтік ынтымақтастықты болдырмау мақсатында азаптау фактілерін тергеу прокуратураның құзыретіне берілді, ал сотталғандарды медициналық қамтамасыз ету Денсаулық сақтау министрлігіне жүктелді.
Қылмыстық-атқару жүйесінің барлық мекемелерінде жаппай бейнебақылау жүйесі енгізілген, оған нақты уақыт режимінде ішкі істер органдары да, прокуратура да қол жеткізе алады. Сонымен қатар шағым беру терминалдары орнатылған, қазіргі уақытта олар кезекті жаңғырту кезеңінен өтуде.
«Біз үшін бұл арнайы баяндама әңгімені аяқтамайтыны, керісінше азаптау фактілерінің нөлдік деңгейіне қол жеткізу бойынша одан әрі жұмыстың бағытын айқындайтыны түбегейлі түрде маңызды. Келешекте жылына бір ғана қылмыстық істің өзі жай ғана ерекше жағдай емес, төтенше оқиға ретінде қарастырылуы тиіс», – деп атап өтті Омбудсмен.
Отырыс барысында сондай-ақ ҰАТ институтын цифрландыру, тетіктің қатысушыларының мекемелерге баруы мен ұсынымдарының сапасын арттыру, ағымдағы жылдың осы кезеңіндегі ҰАТ қатысушыларының сапарлары қорытындысы бойынша жинақталған баяндаманы дайындау мәселелері қаралды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ombudsman/press/news/details/1224230?lang=ru

Жауап қалдыру