
Брюссель, 2026 жылғы 20 мамыр — Еуропа астанасының қақ ортасында тігілген қазақтың дәстүрлі киіз үйі бір кешке заманауи Қазақстан туралы сыр шертілетін ерекше мәдени алаңға айналды. Мұнда «Стереотипсіз Жібек жолы: Қазақстанға саяхаттың шынайы әсерлері» атты Shanyraq Dialogues пікірталас алаңының екінші кездесуі өтті.
Бельгиядағы Қазақстан Республикасының Елшілігі ұйымдастырған іс-шараға Еуропалық одақ институттарының өкілдері, еуропалық БАҚ, туристік индустрия мамандары, блогерлер, мәдениет қайраткерлері және Қазақстан достары қатысты.
Кездесуді ашқан Қазақстан Республикасының Бельгиядағы Елшісі Роман Василенко бүгінде Қазақстанның Еуропа мен Азияны жалғайтын маңызды көпір ғана емес, сонымен қатар жаңа әсер іздейтін саяхатшылар үшін тартымды бағытқа айналып келе жатқанын атап өтті.
«Еуропа Қазақстанды бүгінде тек заманауи мемлекет әрі Шығыс пен Батысты жалғайтын маңызды көпір ретінде ғана емес, Еуразия тарихында айрықша рөл атқарған Алтын Орда өркениетінің мұрагері ретінде де танып келеді. Кеше ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өткен халықаралық симпозиумдағы сөзінде осы тарихи сабақтастыққа ерекше тоқталды».
Кештің модераторы — Travel Tomorrow басылымының негізін қалаушы әрі бас редакторы, сондай-ақ The Press Club Brussels Europe ұйымының президенті Антонио Бускардини болды.
Оның айтуынша, жаппай туризм дәуірінен кейін адамдар табиғилық пен шынайы әсер сыйлайтын бағыттарды көбірек іздей бастаған. Қазақстан Еуропаның цифрлық кеңістігінде саяхат видеолары, ұлттық тағамдар, музыка және көшпелі мәдениет эстетикасы арқылы жиі көрініс тауып жүр. Әсіресе еуропалық жастар арасында бұл қызығушылықты әзілмен «Kazakh-boo» деп атап кеткендер де бар.
Кештің негізгі спикерлері қатарында Қазақстанды өз көзімен көріп, ел туралы медиа жобалар жасаған саяхатшылар мен журналистер болды.
Porschist журналының бас редакторы Свен Гуайо Қазақстанның әртүрлі өңірлеріне жасаған сапарлары жайында айтып, елге арналған арнайы журналын таныстырды. Оның баяндамасы дала, тау бағыттары мен заманауи қалалар бейнеленген видеокадрлармен сүйемелденді.
Көпшіліктің ерекше қызығушылығын бельгиялық саяхатшы Клод Бруирдің Қазақстанды велосипедпен кесіп өткені туралы әңгімесі тудырды. Ол елдің ауқымына, адамдардың ашықтығына және Қазақстанда адами қарым-қатынастың оңай орнайтынына таңғалғанын айтты.
«Мені ең қатты әсерлендіргені — адамдардың қонақжайлығы. Жолда бейтаныс жандар жиі шайға шақырып, көмектесіп немесе жай ғана әңгімелескісі келіп тұрды. Еуропада мұндайды сирек кездестіресің», — деді ол.
Қазақстанда түсірілген әйгілі Pékin Express тележобасының түсірілім барысы туралы продюсер Инга Чумакова да қызықты естеліктерімен бөлісті. Франкофондық аудиторияға кеңінен танымал бұл жобаның түсірілім тобы үшін Қазақстанның заманауи қалалары, табиғи көріністері мен адамдардың жылылығы үлкен жаңалық болған.
Пікірталас барысында қатысушылар Астанада өткен Алтын Орда мұрасына арналған халықаралық симпозиумды да атап өтіп, Ұлы дала тарихына деген қызығушылықтың артып келе жатқанын айтты. Бұл тарих Қазақстанның мәдени болмысы мен тарихи жадының ажырамас бөлігі ретінде бағаланды.
Кездесуге қатысушылар мұндай бастамалар Қазақстан туралы Еуропадағы түсінікті кеңейтіп, елді заманауи туристік, мәдени және зияткерлік бағыт ретінде танытуға ықпал ететінін ерекше атап өтті.
Shanyraq Dialogues — Қазақстан мен Еуропа арасындағы өзара түсіністік пен серіктестікті нығайтуға арналған пікірталас алаңы. Мұнда саяси, экономикалық, мәдени және қоғамдық бағыттардағы өзекті үрдістер мен ынтымақтастық мүмкіндіктері талқыланып, тараптар арасында ашық әрі мазмұнды диалог қалыптасуына жағдай жасалады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-brussels/press/news/details/1224852?lang=ru

Жауап қалдыру