Ұсынылған ТЖШ-ны анықтаудың жаңа әдістемесі азаматтарға зейнетақы төлемдерінің неғұрлым жоғары және болжамды деңгейін қамтамасыз етуге бағытталған. Жаңа тәсілге сәйкес ТЖШ-дан жоғары жинақтарды алғаннан кейін болашақ жинақтаушы зейнетақы мөлшері медианды жалақының кемінде 40% деңгейіне жуықтайды (Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша 2025 жылғы IV тоқсанда оның мөлшері 339 912 теңгені құрады).
Сонымен қатар, ұсынылған Әдістемеде жеткіліктілік шектері болашақ жарналарға және көптеген макроэкономикалық көрсеткіштердің жыл сайынғы болжамды өзгерістеріне байланысты болмайды. ТЖШ шамалары ұлттық статистиканы ескере отырып, БҰҰ үнемі жаңартып отыратын Қазақстан халқының демографиялық кестелерін қоса алғанда, ұзақ мерзімді факторлар негізінде айқындалатын болады. Тиісінше азаматтар болашақ зейнетақы мөлшерін болжай алады және ЭЫДҰ елдерінің нысаналы көрсеткіштеріне кезең-кезеңімен жақындайды.
ТЖШ мөлшері қазіргідей салымшының жасына байланысты болады: азамат зейнеткерлік жасқа неғұрлым жақын болса, болашақ зейнетақыны қамтамасыз ету үшін ТЖШ деңгейі соғұрлым жоғары болуы керек.
ТЖШ анықтау үшін болашақ зейнетақы төлемінің ағымдағы құнын есептеудің классикалық формуласы пайдаланылатын болады. Басқаша айтқанда, жаңа формула бойынша жинақтардың ең аз сомасы, яғни мақсатты мөлшерде зейнетақы алуды қамтамасыз ету үшін салымшының жеке зейнетақы шотында (ЖЗШ) болуы тиіс ТЖШ шамасы айқындалады. Сонымен қатар, болашақ төлемдерді есептеу инфляция мен инвестициялық кірістің әсерін ескереді, яғни болашақ төлемдердің мөлшері инфляцияны ескере отырып нақты мәнде өседі.
Осылайша, ТЖШ-ны айқындаудың жаңа әдістемесі зейнетақы төлемдері есебінен салымшының кірісін алмастыру коэффициентінің жеткіліктілігін қамтамасыз ету мақсатында болашақ жинақтаушы зейнетақыны қамтамасыз ету үшін қажетті зейнетақы жинақтарының ең төменгі сомасына қойылатын талаптарды арттырады. Бұдан басқа, мұндай әдістеме ТЖШ анықтау жүйесін зейнетақымен қамсыздандырудың халықаралық стандарттарына жақындатуға және зейнеткерлікке шыққан кезде зейнетақы жинақтарының жеткіліксіздігі қаупін азайтуға мүмкіндік береді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar-bayanaul/press/news/details/1225089?lang=ru

Жауап қалдыру