
АППАРАТ МӘЖІЛІСІНДЕ АУДАНДА АТҚАРЫЛЫП ЖАТҚАН ЖҰМЫСТАРДЫҢ БАРЫСЫ ПЫСЫҚТАЛДЫ
Аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытовтың төрағалығымен өткен кезекті аппарат мәжілісінде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, жол қауіпсіздігі, санитарлық тазалық, көгалдандыру, аграрлық сектордағы жұмыстар мен мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы жан-жақты талқыланды.
Жиын барысында аудандық полиция бөлімінің басшысы Мұрат Ермеков жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жолда жүру және жол қауіпсіздігі ережелерін сақтау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндама жасап, жол қозғалысы мәдениетін қалыптастыру мен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты міндеттердің бірі екенін атап өтті.
Сонымен қатар, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Берік Мамбетов аудандағы саябақтар мен тұрғындардың демалыс орындарының жағдайына тоқталып, санитарлық тазалықты сақтау, көгалдандыру көлемін ұлғайту және тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Ал, аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Өмірзақ Дүйсебаев ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне жүргізілген талдау нәтижелерін баяндап, бірқатар салада қол жеткізілген жетістіктерге, өзекті мәселелер мен кемшіліктерге тоқталды. Индикаторлық көрсеткіштердің орындалу деңгейі сараланып, жауапты сала басшыларына нақты міндеттер жүктелді.
Мәжілісте «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жүзеге асырылатын жобалардың тиімділігін арттыру мәселесі, бағдарлама арқылы ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту, кәсіпкерлікті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу және халықтың табысын арттыру бағытындағы жұмыстарды сапалы әрі нәтижелі іске асыру тетіктері талқыланды.
Күн тәртібінде көктемгі агротехникалық шаралардың орындалу барысы, егістік алқаптарындағы жұмыстар, су үнемдеу технологияларын енгізу, өндірістік парк аумағындағы құрылыс нысандары мен тік дренаждардың жағдайы, сонымен қатар, Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясындағы жұмыстар сараланып, аудан аумағындағы тазалықты сақтау жағдайы айтылды.
Сондай-ақ, тұрғын үй кезегін түгендеу, көктемгі әскерге шақыру науқаны, салықтық берешектерді өндіру, бюджеттің кірісі мен шығысының орындалуы бойынша да жауапты сала жетекшілерінің есептері тыңдалды.
Жиын соңында аудан әкімі көтерілген мәселелердің уақытылы әрі сапалы орындалуын үйлестіруді аудан әкімі аппаратының басшысына міндеттеді.
Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-zhetisai/press/news/details/1226594?lang=kk

Жауап қалдыру