
Атырау облысына ресми жұмыс сапарымен Корея Республикасындағы Әулие Мария халықаралық медициналық орталығының делегациясы келді. Меймандар өңірдің бірқатар медицина мекемесінде болып, олардың жұмысымен танысты. Жүздесуде жергілікті дәрігерлермен әріптестік мүмкіндіктері талқыланды.
Сапардың маңызды нәтижесінің бірі — Атырау облысы әкімдігі, облыстық денсаулық сақтау басқармасы және Инчхон қаласындағы Әулие Мария халықаралық медициналық орталығы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылуы. Бұл құжат өңір медицинасын дамытуға жаңа мүмкіндік береді.
Келісімдер аясында Атырау облысының дәрігерлері оңтүстіккореялық мамандардың көмегімен біліктілікті арттырып, тағылымдамадан өте алады. Сондай-ақ тәжірибе алмасып, науқастарды емдеудің заманауи тәсілдерін енгізуге жол ашады. Әсіресе онкологиялық көмекті дамытуға басымдық берілмек. Алдыңғы қатарлы диагностика және емдеу әдістерін енгізу, қашықтан кеңес беру, сондай-ақ Корея Республикасының жетекші профессорларынан екінші медициналық қорытынды алу жоспарланып отыр.
Облыс әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов халықаралық ынтымақтастықты дамыту өңірдегі медициналық көмектің сапасын арттырудағы маңызды қадам екенін атап өтті.
— Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында телемедицина мен қашықтан медициналық қызмет көрсетуді дамытудың маңызына ерекше тоқталды. Бүгінде біз денсаулық сақтау саласындағы халықаралық серіктестікті нығайтып қана қоймай, заманауи технологияларды енгізу мен тәжірибе алмасуға жаңа мүмкіндік жасап отырмыз, — деді ол.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/1226461?lang=ru

Жауап қалдыру