
Ерлік дәстүрі: Қарағанды облысы полициясындағы ұрпақтар сабақтастығы. Қарағанды облысы Полиция департаментінің жауынгерлік және еңбек даңқы музейінде ішкі істер органдары ардагер әкелеріне арналған тағылымды іс-шара өтті. Олар – отбасылық әулеттердің қалыптасуына негіз болған, саналы ғұмырын қызметке арнаған азаматтар. Бұл кездесу олардың көпжылдық еңбегіне көрсетілген құрмет қана емес, сондай-ақ әке жолын жалғаған ұрпақ тәрбиесіне қосқан үлесіне берілген жоғары баға болды. Іс-шараның ерекше мәні – ардагерлердің отбасылық құндылықтары мен қызметке деген адалдығы туралы олардың балалары, бүгінде полиция қатарында қызмет етіп жүрген қызметкерлердің өз аузынан айтылуы еді. Қызмет жолын қызы Әсел жалғастырған Тағат Әбеуов, ұлы Рамиль бүгінде полиция офицері атанған Аваз Шыхалиев және қызы Алтынай бүгінде зейнеткерлік демалыста жүрген Қуанышбек Балапановтың отбасылары – ұрпақтар сабақтастығының жарқын үлгісі. Олар әкелерінің үйде сирек болуына қарамастан, бала кезден олардың ел алдындағы жауапкершілігін көріп өскендерін, сондықтан заң қызметін саналы түрде таңдағандарын мақтанышпен жеткізді. Кездесудің құрметті қонағы – 1957 жылы қылмыскерлер қолынан қаза тапқан Еркен Ахметовтің ұлы Рахметолла Ахметов болды. Оның қатысуы шараға ерекше терең мағына мен әсерлі көңіл-күй сыйлап, қоғам қауіпсіздігі жолында құрбан болған жандардың ерлігі ешқашан ұмытылмайтынын тағы бір мәрте еске салды. Полиция департаменті басшылығының атынан Жеке құраммен жұмыс басқармасының бастығы Абзал Саурамбеков ардагерлер мен олардың отбасыларына Отан игілігі жолындағы ұзақ жылғы адал еңбегі және жас ұрпаққа өнегелі тәрбие бергені үшін алғыс хаттар табыстап, шынайы ризашылығын білдірді. Өз кезегінде Рахметолла Еркенұлы әкесінің есімін ұмытпай, тағылымды дәстүрлерді сақтап келе жатқан полиция қызметкерлеріне алғысын айтты.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-karaganda/press/news/details/1226608?lang=ru

Жауап қалдыру