КЕЛЕС АУДАНЫНДА ЖАЗҒЫ ШОМЫЛУ МАУСЫМЫНДАҒЫ ҚАУІПСІЗДІК ШАРАЛАРЫ КҮШЕЙТІЛДІ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Жазғы демалыс маусымының басталуына байланысты Келес ауданы аумағындағы су айдындарында тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жазатайым оқиғалардың алдын алу бағытындағы жұмыстар қарқынды жүргізіліп жатыр. Қауіпсіздік шаралары аясында ауданға қарасты барлық ауылдық округтерде арнайы ескертулер мен түсіндіру жұмыстары қолға алынды.
Атап айтқанда, Ақтөбе ауылдық округі аумағында тұрғындар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін сақтау, сондай-ақ белгіленбеген әрі тыйым салынған орындарда суға шомылудың алдын алу мақсатында арнайы ескерту тақтайшалары мен билбордтар орнатылды. Бұл жұмыстар ауданның өзге де елді мекендерінде жалғасын табуда.
Төтенше жағдайлар мамандары мен жергілікті билік өкілдері тұрғындарға жазғы кезеңде бірнеше маңызды қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды ескертеді. Ең алдымен, арнайы жабдықталмаған, су түбі тексерілмеген және шомылуға тыйым салынған белгісі бар су айдындарына түсуге үзілді-кесілді тыйым салынады. Сонымен қатар, жазғы демалыс кезінде балалардың қауіпсіздігін басты назарда ұстап, оларды су бойында үлкендердің қарауынсыз қалдырмау қажеттілігі туындап отыр.
Мамандар балаларға тек ірі су айдындары ғана емес, тіпті аула ішіндегі су бұрқақтары мен арықтардың да үлкен қауіп төндіретінін үнемі түсіндіріп отыруды сұрайды. Мұнымен қоса, әрбір азамат жоғары жауапкершілік танытып, суға мас күйінде түсуден, белгіленген шектен асып жүзуден және қайықтар мен өзге де су көліктеріне жақындаудан аулақ болуы тиіс, себебі бұл әрекеттер адам өміріне тікелей қауіп төндіреді.
«Балаларды қараусыз қалдырмау, оларға қауіпсіздік талаптарын ерте жастан түсіндіру — қайғылы жағдайлардың алдын алудың басты кепілі. Әрбір азамат өз өмірі мен жақындарының қауіпсіздігіне бейжай қарамай, жауапкершілік танытуы тиіс», — дейді жауапты мамандар.
Келес ауданы бойынша су айдындары маңында рейдтік іс-шаралар маусым бойы тұрақты түрде жүргізілетін болады. Тәртіп сақшылары мен құтқарушылар тұрғындарды демалыс кезінде барынша сақ болуға шақырады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-keles/press/news/details/1226879?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді