
Талдықорған қаласындағы Мәдениет үйінде Жетісу облысы ПД Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері интернет-алаяқтықтың алдын алуға арналған ауқымды форум өткізді. Іс-шараға өңірдің 500-ге жуық медицина қызметкері қатысты.
Форумның негізгі тақырыбы – интернет кеңістігіндегі қауіпсіздік пен киберқылмыстардың алдын алу мәселелері болды. Полицейлер банк және құқық қорғау органдары қызметкерлері атынан жасалатын жалған қоңыраулар, мессенджерлер арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттер, жалған интернет-дүкендер сияқты кең таралған алдау тәсілдері туралы түсіндірді. Сонымен қатар, жеке деректер мен банк шоттарын қорғау мәселесіне ерекше назар аударылды.
Жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде өңірде интернет-алаяқтық деңгейі 20,9%-ға төмендеген. Дегенмен мәселе әлі де өзекті болып отыр. Қазіргі таңда Талдықорған қаласында интернет-алаяқтыққа қатысты 98 қылмыстық іс тергелуде, оның 20-сы медицина қызметкерлеріне қатысты жасалған. Сотқа 84 қылмыстық іс жолданған.
Жыл басынан бері облыс полицейлері интернет-алаяқтықтың 37 эпизодын қамтитын көпэпизодты қылмыстық істі сотқа жолдады. Сонымен қатар, жалпы саны 10 адамнан тұратын екі дропперлер тобын ұстады.
Профилактика аясында полиция қызметкерлері 52 мыңнан астам жадынама мен брошюра таратты, сондай-ақ мыңға жуық заңсыз интернет-ресурстың жолын кесіп, бұғаттады.
— Бүгінде цифрлық сауаттылық пен сақтық — интернет-алаяқтардан қорғанудың басты құралы. Азаматтар алаяқтардың айла-тәсілдерін неғұрлым көп білсе, соғұрлым олардың құрбаны азаяды, — деп атап өтті киберполиция қызметкерлері.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-zhetysu/press/news/details/1226837?lang=ru

Жауап қалдыру