ОТЫРАР АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ БАЛТАКӨЛ АУЫЛ ОКРУГІ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайұлы Балтакөл ауыл округінің тұрғындарымен кездесіп, 2026 жылдың тиісті кезеңінде ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары бойынша есеп берді.
Кездесу барысында аудан басшысы өңір экономикасында тұрақты оң өсім қалыптасқанын атап өтті. Атап айтқанда, 2026 жылдың алғашқы үш айында өндірілген өнім көлемі 19 млрд 784 млн теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 5 млрд теңгеден астам өсімге қол жеткізілген.
Жиында аудан әкімі өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, инвестиция тарту, құрылыс, инфрақұрылым, ауыз су, газдандыру, жол жөндеу және елді мекендерді абаттандыру бағыттарында атқарылып жатқан жұмыстарға жан-жақты тоқталды.
Аудан басшысының айтуынша, бүгінде аудан аумағындағы 37 елді мекен толықтай орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Сонымен қатар, биыл 7 елді мекенде газ жүйелерінің құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіледі. Аудан көлемінде ішкі көшелерді жөндеу, балалар ойын және спорт алаңшаларын салу, елді мекендерді көркейту бағытындағы жұмыстар да кезең-кезеңімен жалғасуда.
Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібі салаларында ірі инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарланып отырғанын жеткізді. Биыл жалпы құны 13,7 млрд теңгені құрайтын 5 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылып, нәтижесінде 260 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Кездесу барысында тұрғындар ауыл ішіндегі жолдардың жай-күйі, көше жарығы, ауыз су, абаттандыру және инфрақұрылым мәселелері бойынша өз ұсыныстары мен сауалдарын жолдады. Аудан әкімі әрбір көтерілген мәселе назардан тыс қалмайтынын айтып, тиісті жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылатынын жеткізді.
Жиын соңында Қайрат Жолдыбайұлы тұрғындарды елді мекендердің тазалығын сақтауға, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарына белсенді атсалысуға шақырып, өңірдің өркендеуі баршамыздың ортақ міндетіміз екенін атап өтті.
Кездесуден кейін Қайрат Жолдыбайұлы тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдау барысында азаматтар ауыз су, ауыл ішіндегі көшелерге жол кедергілерін орнату, мүгедектікке шығару және өзге де әлеуметтік мәселелер бойынша өтініш-тілектерін жеткізді.
Аудан басшысы көтерілген әрбір мәселе бойынша заң аясында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар берді. Тұрғындардың сауалдары назарға алынып, тиісті жауаптар ұсынылды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-otyrar-audany/press/news/details/1226743?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді