
«Туған жерге тағзым» жобасы аясында мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Айтаханұлымен «Ел мерейі жолында» атты тағылымды кездесу кеші ұйымдастырылды.
Кездесу барысында қонақтар арнайы дайындалған «Халық жүрегіндегі қадірлі тұлға» атты кітап көрмесімен танысып, Қуаныш Айтахановтың өмір жолы мен шығармашылығына арналған бұрышты тамашалады. Сонымен қатар «Туған жерге тағзым» кабинеті ашылып, салтанатты лента қию рәсімі өтті.
Лента қию рәсіміне аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы, аудандық мәслихат төрағасы Уәлихан Ұзақов, еңбек ардагері, Отырар ауданының Құрметті азаматы Мырзахмет Темірбеков және өлкетанушы Абдулла Жұмашев қатысты.
Шара барысында Қуаныш Айтаханов мектеп кітапханасына өзінің кітаптарын сыйға тартып, жастарды кітап оқуға, білім мен руханиятқа жақын болуға үндеді.
Кездесудің негізгі бөлімі мектептің АКТ залында жалғасты. Жиынға зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, ұстаздар, жастар мен оқушылар қатысты. Қонақ төрге жайғасқаннан кейін Қуаныш Айтаханұлы сөз сөйлеп, туған жерге қызмет ету, елдік құндылықтар, адамгершілік пен ұлт тәрбиесі туралы мазмұнды ойларымен бөлісті.
Кеш барысында аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы мен аудандық мәслихат төрағасы Уәлихан Ұзақов құттықтау сөз сөйлеп, Қуаныш Айтахановтың ел дамуына қосқан үлесін ерекше атап өтті.
Іс шара барысында мектеп оқушылары Ақерке Баянбай арнайы арнауын орындаса, Ұлдана Бейсенбек халық ақыны Әселхан Қалыбекованың «Отырарға Қуаныш Айтаханов әкім болып келгенде» атты өлеңін мәнерлеп оқыды. Сондай-ақ, мектептің ізденімпаз оқушылары Қуаныш Айтахановтың кітаптары жайлы өз ой-толғамдарын ортаға салды.
Тағылымды шарада Шәуілдір ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мырзахмет Темірбеков естеліктерімен бөліссе, ақын Бегаман Сұлтаев арнау өлеңін оқыды.
Кездесуде Отырар ауданының Құрметті азаматы, өлкетанушы Абдулла Жұмашев және Қуаныш Айтахановтың сыныптас достары да сөз сөйлеп, ел ағасының азаматтық болмысы мен еңбек жолына тоқталды.
Тағылымды кеш «Құт мекенім, Отырар» әнімен қорытындыланып, қатысушылар естелік суретке түсті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-otyrar-audany/press/news/details/1226781?lang=kk

Жауап қалдыру