
Қарағандыда зейнеткерлерді алдаған алаяқ ұсталды. Қарағандыда егде жастағы азаматтарды нысанаға алған алаяқтық әрекеттер әшкереленді. Полицейлер екі бірдей зейнеткерді сан соқтырған 31 жастағы күдіктіні қолға түсірді. Алдын ала мәлімет бойынша, ол қариялардың сеніміне кіріп, 2,8 миллион теңгеден астам қаражатты иемденген. Тергеу барысында анықталғандай, күдікті өз әрекеттерін түскі уақытта жүзеге асырып отырған. Ол жәбірленушілердің аңғалдығы мен сенгіштігін пайдаланып, алдын ала ойластырылған схема бойынша әрекет еткен. Екі зейнеткердің де бір-біріне жақын маңдағы үйлерде тұруы қылмыстың мұқият жоспарланғанын аңғартады. Алғашқы жағдайда күдікті өзін учаскелік инспектор ретінде таныстырып, 77 жастағы қарияның үйіне кірген. Телефон нөмірлерін «жаңарту» сылтауымен ол зейнеткердің депозиттік шотынан өз есепшотына 1 миллион 350 мың теңге аударып жіберген. Қария қаражаттың жоғалғанын тек кешкі уақытта байқаған. Келесі күні дәл осы азамат 74 жастағы қала тұрғынын алдаған. Бұл жолы ол өзін әлеуметтік қызметкер ретінде таныстырып, медициналық такси рәсімдеуге көмектесетінін айтқан. Сенімге кіру үшін әйелге 20 мың теңге берген. Кейін «такси картасын рәсімдеу» барысында зейнеткердің биометриялық бейнежазбасын түсіріп алған. Арада аз уақыт өткен соң банк қызметкерлері хабарласып, оның атына несие рәсімделгенін жеткізген. Келтірілген шығын көлемі 1 миллион 500 мың теңгені құрады. Жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде күдіктінің жеке басы анықталды. Ол — бұрын алаяқтық қылмыстары үшін сотталған Қарағанды қаласының 31 жастағы тұрғыны. Қазіргі уақытта күдікті қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Полицейлер оның осыған ұқсас өзге де қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-karaganda/press/news/details/1226620?lang=ru

Жауап қалдыру