
Кез келген мемлекеттің даму деңгейі мен өркениеттілігі оның ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға деген қарым-қатынасымен өлшенеді. Бүгінгі таңда Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғам өміріне толыққанды араласуын қамтамасыз ету — мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Кедергісіз орта қалыптастыру тек пандус орнатумен шектелмейтін, инфрақұрылымды, ақпаратты және қоғамдық сананы қамтитын кешенді процесс.
Нормативтік-құқықтық база: ҚР Құрылыс кодексінің жаңа талаптары
Қазақстан 2015 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Мүгедектердің құқықтары туралы конвенциясын ратификациялағаннан кейін заңнамалық реформаларды тереңдетті. Саладағы ең ауқымды заңнамалық өзгеріс — ҚР Құрылыс кодексінің қабылдануы болды.
Кодексте алғаш рет «қолжетімді (кедергісіз) орта» ұғымына құқықтық анықтама беріліп, оның өлшемдері нақты бекітілді. Жаңа кодекске сәйкес, инклюзивті инфрақұрылым құру талаптары объектінің бүкіл өмірлік циклін — жобалаудан бастап пайдалануға қабылдауға дейінгі барлық кезеңді қамтиды.
Жобалау кезеңіндегі міндеттемелер
Құрылыс кодексінің талабы бойынша, кез келген елді мекеннің бас жоспары мен жекелеген ғимараттардың жобалау-сметалық құжаттамасы халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтарына арналған қолжетімді ортаны міндетті түрде қарастыруы тиіс.
- Жобалау сатысы: Сәулетшілер мен жобалаушылар нысанның ішкі және сыртқы ортасын (кіреберіс, есік ені, лифтілер, дәліздер мен санитарлық тораптар) басынан бастап кедергісіз дизайнмен есептейді.
- Сараптамадан өту: Егер жобада мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған инфрақұрылым (пандустардың 1:20 немесе 1:12 еңістік бұрыштары, тактильді жолдар, арнайы лифтілер) қамтылмаса, жобалау құжаттамасы мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын ала алмайды.
Пайдалануға қабылдау кезіндегі бақылау
Жаңа заңнамалық тетіктер құрылысы аяқталған нысандарды қабылдау рәсімін қатаңдатты.
- Сәйкестік актісі: Объектіні пайдалануға қабылдау актісіне қол қою үшін ғимараттың бекітілген инклюзивті жобаға толық сәйкес келуі шарт.
- Комиссиялық бақылау: Қабылдау процесіне мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы (МСҚБ-ГАСК) мамандарының қорытындысымен қатар, халықты әлеуметтік қорғау саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы органның халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтары үшін қолжетімділіктің қамтамасыз етілгенін растауының болуы шарт. (135 бап)
- Талаптар сақталмаған жағдайда, нысанды пайдалануға беруге заң жүзінде тыйым салынады және бұл құрылыс салушы субъектілер үшін әкімшілік және мүліктік жауапкершілікке әкеп соғады.
Қазіргі инфрақұрылымның негізгі мәселелері
Құрылыс кодексінің қатаң талаптарына қарамастан, тәжірибеде және ескі тұрғын үй қорларында әлі де шешімін таппаған түйткілдер жеткілікті:
- Формальды пандустар:Көптеген ескі ғимараттардағы пандустар еңістік бұрышы сақталмай, тым тік немесе тайғақ материалдардан салынады. Бұл оларды пайдалануды мүмкін емес етеді және қауіп төндіреді.
- Ескі тұрғын үй қоры:Кеңес заманында салынған үйлерді жаңа кодекс стандарттарына сай қайта бейімдеу техникалық тұрғыдан өте қиын. Лифтісіз бес қабатты үйлер ерекше жандарды өз пәтеріне «тұтқын» етіп отыр.
- Ақпараттық кедергілер:Көру және есту қабілеті бұзылған жандарға арналған дыбыстық бағдаршамдар, тактильді жолақтар мен Брайль қарпіндегі нұсқаулықтар тек ірі қалалардың орталығында ғана кездеседі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek-abay/press/news/details/1226143?lang=ru

Жауап қалдыру