
Астанадағы Индустриялық парк аумағында орналасқан өндіріс цехтарында белгілі Iveco автомобиль бренді негізінде коммуналдық сала мен мұнай өнеркәсібіне қажетті арнайы техника құрастырылады. Жақында біз елордадағы Stalbau кәсіпорнында болып, өндіріс процесінің қалай жүретінін көрдік.
Компанияның бас инженері Никита Носачтың айтуынша, зауытта арнайы техника шығару 2018 жылы басталған. Кәсіпорын Қазақстанда италиялық Iveco автомобиль концернінің ресми өкілі ретінде жұмыс істейді. Бұл компанияға аталған брендтің көліктерін құрастыруға және сатуға мүмкіндік береді. Астанаға техника машинокомплект түрінде жеткізіліп, зауытта жеке бөлшектер толыққанды көлікке айналады.
Құрастыру жұмысы конвейерге раманы орнатудан басталады. Кейін оған кабина, қозғалтқыш, дөңгелектер және басқа да қажетті бөлшектер бекітіледі. Осылайша коммуналдық, өндірістік және басқа да салаларда қолданылатын дайын техника шығарылады. Зауытта қоқыс таситын көліктер, қала көшелерін тазалауға арналған машиналар, самосвалдар және өзге де арнайы техника түрлері құрастырылады.
– Қоқыс таситын көліктердің төрт түрін шығарамыз. Олардың сыйымдылығы 14, 16, 18 және 20 текше метр. Бұдан бөлек, қала көшелерін тазалауға арналған түрлі техника бар, – дейді бас инженер. – Тапсырыс берушінің талабына қарай техниканы жаңартып, нақты жұмыс жағдайына бейімдеуге болады. Мысалы, Екібастұзда ірі көліктер жүретін бағытта төмен көпір бар. Біздің стандартты көліктің биіктігі оған сәйкес келмегендіктен, жергілікті инфрақұрылымға ыңғайлы арнайы нұсқасын жасап шығардық. Тағы бір тапсырыс бойынша самосвалдың кузов борттарын күшейттік.
Зауытта арнайы техниканы жобалаумен айналысатын конструкторлық цех бар. Мұнда инженер-жобалаушылар жұмыс істейді.
Болашақ көлік алдымен цифрлық форматта жасалады. Жасанды интеллект көмегімен оның виртуалды моделі дайындалып, барлық тексеру кезеңінен өтеді. Тек содан кейін ғана жоба нақты өндіріске жіберіледі. Мұндай тәсіл уақытты едәуір үнемдейді. Егер цифрлық жоба болмаса, техниканы жетілдіру мен өндіріске енгізу бір-екі жылға созылуы мүмкін. Ал цифрлық модель арқылы бұл жұмыс бір-екі айда аяқталады.
– Авраам Линкольннің «ағаш шабуға алты сағат берілсе, оның алғашқы төрт сағатын балтаны қайрауға жұмсар едім» деген сөзі бар. Көліктің цифрлық көшірмесін жасау да дәл осы дайындық кезеңі сияқты, – дейді Никита Носач. – Зауыт цехтарында лазерлік кесу жабдығы, 400 тонна күшпен жұмыс істейтін металл ию станогы, токарь және дәнекерлеу цехтары бар.
Бүгінде Stalbau арнайы техникасы Астанамен қатар Алматы, Семей, Ақтау, Ақтөбе, Жезқазған, Екібастұз, Аягөз қалаларында және Ақтоғай кенішінде пайдаланылып жүр.
Зауыт жылына 50-ден 100 бірлікке дейін арнайы техника шығара алады. Өнімге бір жылдық кепілдік беріледі. Сонымен қатар компания тапсырыс берушілермен тұрақты байланыста болып, техниканы диагностикалау, ақауларды анықтау және қосалқы бөлшектерді жеткізу бойынша көмек көрсетуге дайын.
Дереккөз:https://kazpravda.kz/n/spetstehnika-s-igolochki/
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana-uir/press/news/details/1226903?lang=ru

Жауап қалдыру