ТҮРКІСТАН: АС БЕРУ МӘДЕНИЕТІН ҚАЛЫПТАСТЫРУ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Түркістандағы Достық үйінде «Ас беру мәдениетін қалыптастыру – ортақ міндет» тақырыбында кездесу өтті. Келелі басқосуға Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов, қала имамдары мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Жиынның негізгі мақсаты – құдайы ас беру дәстүрін шариғат талаптары мен ұлттық салт-дәстүрге сай жүйелеп, ысырапшылдықтың алдын алу, отбасыларға артық материалдық салмақ түсірмейтін ас беру мәдениетін қалыптастыру және оны қоғамда кеңінен насихаттау.
Сонымен қатар жиында құдайы ас беру – халқымыздың атадан балаға жалғасып келе жатқан рухани әрі мәдени мұрасы екені айтылып, осы дәстүрді заман талабына сай біріздендіру қажеттігі сөз болды. Бұл бағыттағы бастамалардың негізін Түркістан облыстық ақсақалдар алқасының марқұм төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов бастап, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен бірлесе отырып, ас берудің негізгі қағидаттарын бекітуге үлес қосқаны атап өтілді.
Жиында «Құдайы ас беру мәдениетінің негізгі жеті тірегі» таныстырылып, оның басты қағидаттары кеңінен түсіндірілді. Атап айтқанда, ең әуелі шынайы ниет пен ықыластың маңыздылығы, құдайы асқа отбасы мен жақын туыстардың бірлесіп қатысуы, Құран оқылып, дұға бағыштаудың рухани мәні сөз болды. Сонымен қатар ас беру барысында уақытты тиімді пайдалану, рәсімді ұзаққа созбау, қарапайымдылық пен қанағатшылдықты ұстану, ысырапқа жол бермеу мәселелері ерекше назарға алынды. Қатысушыларға ас мәзірінің молдығымен емес, ниеттің тазалығымен және жасалған ізгі амалдың сауабымен өлшенетіні түсіндірілді. Құдайы асқа байланысты артық шығындарға жол бермеу, кәде-таралғы мен қажетсіз бәсекелестіктен бас тарту, оның орнына мұқтаж жандарға қайырымдылық жасау, қоғамдық игі істерге үлес қосу әлдеқайда сауапты іс екені айтылды.
Жиын соңында ас беру мәдениетін қалыптастыру – тек діни орта мен ақсақалдардың ғана емес, тұтас қоғамның ортақ міндеті екені атап өтіліп, тұрғындарды ұлттық дәстүрді сақтай отырып, қарапайымдылық пен жауапкершілік қағидаларын ұстануға шақырды.

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/1226793?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді