Ақтау қаласында өткен жасөспірімдер мен спорт шеберлері арасындағы Азия және Океания чемпионаты өз мәресіне жетті. Дүбірлі додада Қазақстан құрамасы жоғары нәтиже көрсетіп, командалық есепте жасөспірімдер арасында да, спорт шеберлері арасында да І орынды иеленді.
Аталған халықаралық жарыста түркістандық самбо шебері Самат Рысбеков ел намысын абыроймен қорғап, спорт шеберлері арасында чемпион атанды. Тәжірибесі мен шеберлігін паш еткен жерлесіміз қарсыластарына дес бермей, Азия чемпионы атағын жеңіп алды.
Бұл жеңіс – тек спортшының жеке жетістігі ғана емес, қазақ спортының мерейін өсірген маңызды нәтиже. Ұзақ жылғы табанды еңбек пен тынымсыз дайындықтың арқасында Самат Әкімбекұлы құрлықтың үздігі екенін дәлелдеп отыр.
Енді жеңімпаз балуан алдағы қыркүйек айында Кипр елінде өтетін Әлем чемпионатында Қазақстанның намысын қорғайды.
Айта кетейік, Самат Рысбеков бүгінде Түркістан облыстық «Тұран» спорт ойын түрлері клубының директоры әрі Түркістан қалалық мәслихатының депутаты қызметін атқарады.
Жауап қалдыру