
Жас ғалымдар кеңесі: ғылым мен инновацияны дамыту мәселелері талқыланды
Қазақстан-Британ техникалық университеті базасында «Уран және сирек металдар өнеркәсібін дамыту» атты XII Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы аясында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жас ғалымдар кеңесінің дөңгелек үстелі өтті. Іс-шара ғылымды дамыту, жас ғалымдардың ғылыми саясаттағы рөлі және елдің ғылыми-инновациялық әлеуетін нығайтудың өзекті мәселелерін талқылауға арналған маңызды сараптамалық алаңға айналды.
Іс-шара мемлекеттік органдардың, жетекші жоғары оқу орындарының, ғылыми-зерттеу институттарының, халықаралық бағдарламалар мен индустриялық серіктестердің өкілдерін, сондай-ақ жас ғалымдарды біріктіріп, ғылыми қауымдастық, мемлекет және нақты экономика секторы арасындағы жүйелі диалогты дамытуға мүмкіндік берді. Кездесудің негізгі мақсаты — Қазақстанның ғылыми экожүйесін дамытудың басым бағыттарын талқылау, халықаралық интеграцияны кеңейту және ғылыми зерттеулер мен инновациялық процестердің тиімділігін арттыру бойынша практикалық ұсыныстар әзірлеу болды.
Жас ғалымдар кеңесінің төрағасы, PhD Арманбек Өмірғали жастар ғылымының бәсекеге қабілетті ұлттық ғылыми жүйені қалыптастырудағы стратегиялық рөлін және халықаралық ынтымақтастықты кеңейтудің маңыздылығын атап өтті.
Дөңгелек үстел барысында қазақстандық ғалымдардың халықаралық ғылыми бастамаларға қатысу мәселелеріне, соның ішінде Horizon Europe бағдарламасына қатысу, ғылыми тағылымдамаларды дамыту және «Болашақ» халықаралық стипендиялық бағдарламасының мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар ғылыми бағыттардың ерекшеліктерін ескере отырып, ғылыми көрсеткіштерді бағалау тәсілдерін жетілдіру, сондай-ақ ғылыми жобалардың елдің әлеуметтік-экономикалық және инновациялық дамуына ықпалын арттыру мәселелері талқыланды.
Horizon Europe бағдарламасының ұлттық үйлестірушісі және Astana Hub директорының кеңесшісі Әлия Сембаева қазақстандық зерттеушілердің еуропалық ғылыми бастамаларға қатысу мүмкіндіктері мен халықаралық серіктестікті кеңейту тетіктері туралы баяндады.
Іс-шараның қорытынды кезеңінде Orionica компаниясының директоры Артур Юсупов практикалық шеберлік сағатын өткізді. Оның барысында қатысушыларға элементтік талдаудың, оптикалық микроскопияның және сынама даярлаудың заманауи әдістері таныстырылды.
Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша қатысушылар Қазақстанның ғылыми-инновациялық экожүйесін одан әрі дамыту, жас ғалымдарды қолдау тетіктерін күшейту, ғылым мен өндіріс арасындағы өзара іс-қимыл тиімділігін арттыру және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған бірқатар ұсыныстар әзірледі.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sci/press/news/details/1226285?lang=ru

Жауап қалдыру