
Ақтөбе облысы аумағында 17–25 мамыр аралығында өтіп жатқан «Қауіпсіз жол» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында полиция қызметкерлері жол қауіпсіздігін күшейтілген режимде қамтамасыз етуде. Негізгі назар – кәмелетке толмағандардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған.
Рейдтік шаралар барысында тәртіп сақшылары жасөспірімдердің басқаруындағы мопедтер мен скутерлерді анықтап, заң талаптарының сақталуын тексеруде. Әсіресе қорғаныс құралдарынсыз, жүргізуші куәлігінсіз және жол қозғалысы ережелерін елемей көлік тізгіндеген жасөспірімдерге қатысты тиісті шаралар қабылдануда.
Іс-шара басталғалы қала аумағында 10-нан астам мопед пен скутер арнайы айып тұрағына қойылды. Ал кәмелетке толмағандардың заңды өкілдері әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Жыл басынан бері облыс аумағында кәмелетке толмаған мопед жүргізушілерінің кінәсінен 4 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 7 адам түрлі дене жарақатын алған.
Тәртіп сақшылары ата-аналарды балалардың қауіпсіздігіне бейжай қарамауға, оларға көлік құралдарын бақылаусыз бермеуге және жол қозғалысы ережелерін қатаң түсіндіруге шақырады.
Қауіпсіздік – әр отбасының ортақ жауапкершілігі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-aktobe/press/news/details/1226846?lang=ru

Жауап қалдыру