
Өткен жылдың өзінде ғана Абай облысында жол-көлік оқиғаларынан 12 бала қаза тапқан. Сондықтан бүгінде балалар қауіпсіздігі тақырыбы жай ғана ресмилік емес, адам өмірімен тікелей байланысты маңызды мәселе болып отыр.
Осыған орай өңірде жас жол инспекторларының облыстық слеті — ЖЖИ өтті. Іс-шара Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі Ержан Саденов жариялаған «Заң және Тәртіп — қауіпсіз балалық шақтың кепілі» жылы аясында ұйымдастырылды.
Облыстың 12 аудан-қаласынан келген командалар жол қозғалысы ережелерін білу, велосипедті шебер жүргізу, реттеуші дағдылары, алғашқы көмек көрсету және үгіт-насихат жұмыстары бойынша сынға түсті.
Слеттің басты мақсаты — жарыс өткізу емес, қауіпсіздікті өмірлік мәдениет ретінде қабылдайтын ұрпақ қалыптастыру.
«Балалардың жол қозғалысы ережелері адам өмірінің құнымен жазылғанын түсінуі өте маңызды», — деді Абай облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Жасұлан Байкенов.
Байқау қорытындысы бойынша:
бірінші орынды Бородулиха ауданының «Бағдаршам» командасы,
екінші орынды Курчатов қаласының «Зымыран» командасы,
үшінші орынды Мақаншы ауданының «Намыс» командасы иеленді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бүгінгі жас инспекторлар — ертеңгі жүргізушілер, жаяу жүргіншілер және ата-аналар. Олар қауіпсіз қоғам мәдениетін қалыптастыратын болады.
Өйткені кейде жолдағы бір сәттік мұқияттылық тұтас бір өмірді сақтап қалуы мүмкін.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-abay/press/news/details/1227037?lang=ru

Жауап қалдыру