
Солтүстік Қазақстан университетінде журналистика және құқықтану мамандығында білім алып жатқан студенттер полиция департаментінің ақпараттық саясат бөлімінің қызметкерлерімен кездесті. Журналистік ортада бұл бөлім баспасөз қызметі ретінде танымал.
Кездесуді «Журналистика және әлеуметтік ғылымдар» кафедрасының меңгерушісі Татьяна Морозова ұйымдастырды. Студенттерге СҚО ПД-ның медиасаламен өзара іс-қимылына жауапты қызметкерлер — полиция подполковниктері Әдемау Меңдібаева мен Юрий Клыков қатысты. Айта кету керек, екеуі де осы университеттің түлектері.
Кездесу барысында студенттер полицияның баспасөз қызметі жұмысының ерекшеліктеріне қызығушылық танытты. Офицерлердің айтуынша, ақпаратпен жұмыс істеу жан-жақты дайындықты талап етеді: қызметкер қылмыстық және әкімшілік заңнаманы, жедел қызметтердің, патрульдік полиция мен учаскелік инспекторлардың жұмысын жақсы білуі керек, сондай-ақ кез келген жағдайға журналист көзімен қарай алуы қажет.
Әңгіме барысында цифрландыру мәселелері де қозғалды. Полицейлер студенттерге полиция органдарына жұмысқа орналасуға мүмкіндік беретін Qyzmet-Police.kz сервисі туралы, сондай-ақ банктік қосымшалар мен eGov.mobile жүйесінде қолжетімді «Заң менТәртіп» сервисі жөнінде айтып берді. Сонымен қатар интернет-алаяқтардан қорғану жолдары түсіндіріліп, өзге де өзекті сұрақтарға жауап берілді.
Кездесуден кейін студенттік «Парасат» студиясының мүшелері қонақтармен видеоподкаст жазды. Сұрақтар тек мамандыққа ғана емес, офицерлердің жеке тәжірибесіне де қатысты болды.
«Полиция мен журналистика әртүрлі сала болғанымен, екеуінің де мақсаты ортақ — қоғам шындықты біліп, өзін қауіпсіз сезінуі керек», — деп атап өтті ақпараттық саясат бөлімінің қызметкерлері.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-sko/press/news/details/1227043?lang=ru

Жауап қалдыру