
Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында аудан әкімдерінің халықпен есепті кездесулері жалғасуда. Осыған сәйкес, аудан әкімі Азат Оралбаев Жеңіс ауыл округінің тұрғындарымен кездесіп, елді мекенде атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар жөнінде баяндады.
Кездесу барысында ауыл округіндегі инфрақұрылым, жол, көше жарығы, ауызсу және абаттандыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар кеңінен таныстырылды.
Жиында аудан әкімінің алдыңғы кездесуінде тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелердің бірі — Жеңіс ауылындағы мәдениет үйінің ішін жаңғырту жайы сөз болды. Бүгінде аталған нысанға қажетті орындықтар, перделер және өзге де әрлеу жұмыстарына қаржы қаралып, тиісті жұмыстар биыл жүзеге асырылатын болады.
Сонымен қатар, Жамбыл көшесін асфальттау және жарықтандыру жұмыстары кезең-кезеңімен іске асырылатыны айтылды.
Жеңіс ауыл округіне қарасты Дихан ауылында да бірқатар инфрақұрылымдық жобалар қолға алынбақ. Атап айтқанда, маусым айында бастауыш мектептің құрылысы басталатыны және бұған дейін ауылға балалар ойын алаңшасы салынғаны баяндалды. Бұдан бөлек, аудан басшысы газдандыру бойынша сметалық құжаттамалар әзірленіп жатқанын жеткізді.
Сондай-ақ, Жеңіс ауылындағы маңызды нысандардың бірі — спорт кешенінің құрылысы биыл аяқталады деп жоспарлануда.
Ауыл шаруашылығына қатысты Р-5 және Р-6 каналдарының мәселесі де көтеріліп, оларды бетондау бойынша тиісті шешімдер қарастырылып жатқаны айтылды.
Кездесу барысында аудан әкімі ауылдың тазалығы мен көркеюі — ортақ жауапкершілік екенін атап өтіп, тұрғындарды аулаларды таза ұстап, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарына белсенді атсалысуға шақырды. Сонымен қатар, елді мекендерді жасыл желекке айналдыру мақсатында ағаш отырғызудың маңыздылығына тоқталды.
Жиында тұрғындар тарапынан Бестам ауылына тас төсеу мәселесі көтеріліп, аталған жоба бойынша құжаттар әзірленіп, қаржы қарауға ұсынылатыны жеткізілді.
Сондай-ақ, тұрғындардың бірі жеке жер теліміне қатысты заңсыздықтар орын алғаны жөнінде өтініш білдірді. Аудан басшысы бұл мәселені заң аясында қарауды сала жетекшілеріне тапсырды.
Бұдан бөлек, агроном маманының штатын енгізу жөнінде ұсыныс айтылып, аудан әкімі ауыл әкімдігінде арнайы штат қарастырылмағанымен, бұл міндет тиісті мамандардың функционалдық міндетіне кіретінін түсіндірді.
Дихан ауылындағы ауызсудың сапасы мен жол мәселесі де назардан тыс қалмады. Аудан әкімі ауызсуды тазарту және жолдарға ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу қолға алынатынын айтты.
— Ауданда 57 елді мекен бар. Жеңіс ауылы — солардың ішіндегі маңызды елді мекендердің бірі. Сондықтан бұл аймаққа ерекше көңіл бөлініп, тұрғындар тарапынан айтылған өтініштер кезең-кезеңімен орындалатын болады, — деді аудан әкімі.
Есепті кездесу ашық форматта өтіп, тұрғындар өзекті мәселелерін көтеріп, сауалдарына нақты жауап алды.
Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-ordabin-audany/press/news/details/1226977?lang=ru

Жауап қалдыру