
1972 жылы дүниеге келген ұстаз 1996 жылы Ақмола аграрлық университетін тәмамдап, инженер-педагог біліктілігін алды. Кейін Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінде география пәні мұғалімі мамандығын игеріп, 2022 жылы Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінде «Көркем еңбек, графика және жобалау» бағыты бойынша магистратураны аяқтады.
2000 жылдан бері Көктөбе мектебінде еңбек пәнінен сабақ беріп келе жатқан Марат Амангелдіұлының басты ерекшелігі – ағаштан түрлі бұйымдар жасауды терең меңгеруі және осы өнерді оқушыларға үйрете білуі. Оның шеберханасында қарапайым ағаш бөлігі оқушылардың қолымен сан түрлі ұлттық нақыштағы бұйымға айналады. Ұстаз әр сабағында оқушыларды тек еңбекке баулып қана қоймай, шыдамдылыққа, ұқыптылыққа, бастаған істі соңына дейін жеткізуге тәрбиелейді.
Сабақ барысында теория тәжірибемен ұштасып, оқушылар ағаш өңдеудің нақты дағдыларын меңгереді. Бұл бағыт олардың шығармашылық қабілеттерін дамытып қана қоймай, болашақ мамандық таңдауға да жол ашады.
Ұстаз еңбегінің нәтижесі шәкірттерінің жетістіктерінен анық көрінеді. Оқушылары облыстық байқауларда жүлделі орындарға ие болып, «Ақ Бота» бейнелеу өнері конкурсы мен «Алтын қазына» көрме-байқауында үздіктер қатарынан көрінуде.
Марат Амангелдіұлы өз еңбегі де лайықты бағасын алған. Ол 2024 жылы «Менің Қазақстаным» облыстық шығармашылық байқауының жеңімпазы атанып, 2025 жылы Қазақстан Республикасы Білім министрінің Құрмет грамотасымен және облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Марат Шакиров – ағаштан бұйым жасаудың шебері ғана емес, сол өнерді жас ұрпаққа үйретіп, еңбек арқылы тәрбиелеп жүрген ұстаз. Оның еңбегі – қолөнердің қадірін ұғынған, шеберлігі шыңдалған шәкірттер арқылы жалғасын табуда.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bilimmai-edu/press/news/details/1226953?lang=ru

Жауап қалдыру