
Май ауданының барлық мектептерінде 2025–2026 оқу жылы аяқталуға жақын. Биыл 1520 оқушы оқу жылын аяқтайды, оның ішінде 203-і — 9 және 11 сынып түлектері.
Оқу жылының қорытындысы бойынша 12 оқушы 9 сыныпты үздік аттестатпен аяқтауға үміткер. Ал 11 сынып түлектерінің арасынан 7 оқушы «Алтын белгі» төсбелгісіне, тағы 1 оқушы үздік аттестатқа үміткер атанып отыр.
Бүгінде ауданның білім беру ұйымдарында 300-ден астам педагог еңбек етуде. Олар жас ұрпаққа сапалы білім мен тәрбие беруге өз үлестерін қосып келеді.
Оқу жылының аяқталуына байланысты 25 мамыр күні еліміздің барлық мектептерінде «Білімім — Отаныма!» тақырыбында бірыңғай сынып сағаты өтеді. Іс-шара барысында оқу жылының қорытындылары шығарылып, оқушылардың жетістіктері мен мектеп өміріндегі жарқын сәттер атап өтіледі. Сонымен қатар «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасының құндылықтарына, білім мен ғылымға құрметті арттыруға және инновациялық ойлауды дамытуға ерекше назар аударылады.
Сондай-ақ оқушыларға жазғы демалысты пайдалы әрі қызықты өткізу үшін кітаптар мен фильмдердің ұсынымдық тізімі ұсынылады.
Еске сала кетейік, Оқу-ағарту министрлігі мен жергілікті атқарушы органдардың бірлескен бұйрығына сәйкес мектеп бітіру іс-шараларын мейрамханаларда, кафелерде, банкет залдарында, демалыс орындарында және табиғат аясында өткізуге жол берілмейді.
Сондай-ақ ата-аналардан, заңды өкілдерден және білім алушылардан ақша жинауға, сыйлықтар мен өзге де материалдық құндылықтарды талап етуге тыйым салынады. Аттестаттар мен дипломдарды табыстау рәсімдері тек білім беру ұйымдарының қабырғасында ұйымдастырылады.
Аталған шаралар балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, қоғамдық тәртіпті сақтауға және білім беру ұйымдарында «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайтуға бағытталған.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bilimmai-edu/press/news/details/1226966?lang=ru

Жауап қалдыру