Сапалы жол – өңір дамуының негізі

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың көлік-логистика саласын дамыту жөніндегі тапсырмалары Жамбыл облысында кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Өңірде жол сапасын жақсарту, транзиттік әлеуетті арттыру және жүк тасымалы инфрақұрылымын дамыту бағытында бірқатар ірі жобалар қолға алынған.

2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда транзиттік тасымал көлемі 36,9 миллион тоннаны құрап, 2024 жылмен салыстырғанда 6,6 пайызға артқан. Бұл көрсеткіш халықаралық көлік дәліздерін дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту және цифрлық шешімдерді енгізу жұмыстарының нәтижесі.

Жамбыл облысында республикалық маңызы бар «Алматы–Астана» және «Меркі–Шу–Бурылбайтал» автожолдарын қайта жаңғырту жобалары аяқталды. Сонымен қатар «Шу–Қайнар» және ескі Күйік асуын айналып өтетін жолдарға күрделі жөндеу жүргізілуде. Тараз қаласында Абай даңғылы жол өтпесінің және теміржол үстінен өтетін жаяу жүргіншілер өткелінің құрылысы басталды. Бұдан бөлек, Асқаров, Рысбек батыр, Қойгелді көшелерін жаңғырту және «Бурыл А,Б,В», «Барысхан» алқаптарына асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуде.

Облыс әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Саурықовтың айтуынша, Қордай ауданында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы 21 сәуірдегі №301 қаулысына сәйкес «Алатау» индустриялық сауда-логистикалық кешені арнайы экономикалық аймағы құрылды. Жалпы аумағы 165 гектарды құрайтын аймақтың 100 гектары индустриялық, 65 гектары сауда-логистикалық бағытқа бөлінген.

Аталған аумақта жалпы көлемі 150 мың шаршы метр болатын логистикалық қоймалар салу жобасын «БЦ Эталон» ЖШС жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Сонымен қатар «Қордай 220 кВ» қосалқы станциясының құрылысына 2026 жылға 4,2 миллиард теңге бөлінген.

Тараз қаласында «TRZ AGRO» ЖШС сыйымдылығы 12 мың тонна болатын көкөніс сақтау қоймасының құрылысын жүргізуде. Жобаның құны – 2 миллиард теңге. Сонымен қатар тәулігіне 22 тонна жүк өңдеуге қауқарлы «Тараз» көтерме-тарату орталығы мен Байзақ ауданындағы «Жамбыл» көтерме-тарату орталығы жұмыс істеп тұр.

Облыстағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 10062 шақырымды құрайды. Оның ішінде 1187,2 шақырымы республикалық, 1668,45 шақырымы облыстық, 1474,05 шақырымы аудандық маңызы бар жолдар. Елді мекен көшелерінің ұзындығы – 5732 шақырым.

Өткен жылы жол саласына бөлінген 30,3 миллиард теңге есебінен 474,2 шақырым жол жөнделді. Оның ішінде 8,5 шақырым жол қайта жаңғыртылып, 446,3 шақырым жол орта жөндеуден өтті. Нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті жолдардың үлесі 99,5 пайызға жетті.

Биыл жол саласына 21,1 миллиард теңге бөлінген. Бұл қаржыға бір көпір мен екі теміржол өткелінің құрылысы, сондай-ақ Тараз және Қаратау қалаларындағы 6,17 шақырым көшені қайта жаңғырту және 153,1 шақырым жолды орташа жөндеу жоспарланған.

Жолаушылар тасымалы саласында бүгінде облыста 163 автобус бағыты ұйымдастырылған. Оларға 41 тасымалдаушы мекеме қызмет көрсетеді. Автопарктерде 894 автобус бар. Қазіргі таңда тұрғын саны 100 адамнан асатын 343 елді мекеннің 195-і қоғамдық көлікпен қамтылған.

Биыл тағы 20 жаңа бағыт ашылып, 76 елді мекен қоғамдық көлікпен қамтылады деп жоспарлануда. Нәтижесінде қамту деңгейі 79 пайызға жетпек. 2023 жылдан бері облысқа 329 жаңа автобус жеткізілген.

Теміржол саласында да инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның Жамбыл магистральдық желі бөлімшесі 2029 жылға дейінгі жылдамдықты арттыру жөніндегі жол картасын бекіткен. Құжат аясында Шу, Тараз, Түрксіб, Шығанақ және өзге де станцияларда жолдарды қалпына келтіру, локомотивтерді жаңарту және өткізу қабілетін арттыру көзделген.

Сонымен қатар теміржол саласында цифрландыруға басымдық берілуде. Автоматтандырылған энергодиспетчерлік басқару, пойыз қозғалысын жедел бақылау және вагон нөмірлерін автоматты оқу жүйелері енгізіліп жатыр.

2026 жылдың қаңтар-наурыз айларында облыс бойынша 9524 мың тонна жүк тасымалданған. Оның ішінде теміржол арқылы 5456 мың тонна, автомобиль көлігімен 3197 мың тонна жүк жеткізілген. Жалпы жүк тасымалы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 52 пайызға, жолаушылар тасымалы 44,2 пайызға артқан.

Өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау инфрақұрылымы да кеңейіп келеді. Қазіргі таңда облыста жалпы сыйымдылығы 374,4 мың тоннаны құрайтын 123 қойма жұмыс істейді. Оның 23-і климаттық қондырғылармен жабдықталған. 2024 жылы жалпы сыйымдылығы 33,6 мың тонна болатын 3 көкөніс сақтау қоймасы іске қосылған.

Сарапшылардың пікірінше, жол, логистика және цифрлық инфрақұрылымды қатар дамыту Жамбыл облысының транзиттік әлеуетін арттырып, өңірдің халықаралық көлік дәліздеріндегі рөлін күшейте түседі.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-sayasat/press/news/details/1227018?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді