
Ақтөбе қаласындағы Д. Қонаев атындағы мектеп-гимназиясында «Эко-city – таза болашақ аумағы» қалалық экологиялық марафоны аясында аумақты абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары ұйымдастырылды.
Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан “Таза Қазақстан” жалпыұлттық қозғалысының бір бөлшегі саналатын іс-шараның негізгі мақсаты — жас ұрпақ арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды насихаттау және табиғатты қорғау бастамаларын қолдау.
Экологиялық акция барысында мектеп оқушылары, педагогтер және мектепке дейінгі даярлық тобының тәрбиеленушілері гүл көшеттерін отырғызып, мектеп аумағын көгалдандыру жұмыстарына белсенді қатысты. Әсіресе бастауыш сынып оқушыларының қатысуы өскелең ұрпаққа табиғатты аялау құндылықтарын ерте жастан сіңіруге мүмкіндік берді.
Ақтөбе қалалық білім бөлімінің әдіскері Данияр Қуанышбаев мұндай бастамалардың тәрбиелік маңызына тоқталды.
– Қоршаған ортаны қорғау мен аумақтарды абаттандыруға бағытталған шаралар білім беру ұйымдарында тұрақты түрде жалғасуы қажет. Табиғатқа жанашырлық пен тазалыққа деген жауапкершілік күнделікті дұрыс әдеттер арқылы қалыптасады. Жас ұрпақтың экологиялық мәдениеті – болашақтың кепілі, – деді ол.
Айта кету керек, білім беру ұйымдарында экологиялық бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Биыл мектептің 9 және 11-сынып түлектері де көгалдандыру жұмыстарына қатысып, білім ордасының аумағына шырша көшеттерін отырғызған болатын.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/1227049?lang=ru

Жауап қалдыру