Меккеде Қазақстан азаматтары үшін қажылықты ұйымдастыру мәселелері талқыланды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Мекке, 2026 жылғы 23 мамыр – Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясы Корольдігіндегі Елшісі, Қазақстан Республикасының Ислам ынтымақтастығы ұйымы жанындағы Тұрақты өкілі Мадияр Меңілбеков қазақстандық қажыларды қажылық сапары барысында алып жүретін туроператорлар басшыларымен өткен кездесуге қатысты.

Кездесуге Наиб мүфти Кенжетай Байкемелұлы бастаған Қазақстанның қажылық миссиясының өкілдері, Корольдіктің Қажылық және ұмра министрлігінің өкілдері, сондай-ақ 14 қазақстандық турфирманың басшылары қатысты.

Өз сөзінде Елші биыл шамамен 4 мың қазақстандық азаматтардың қажылық өтеу үшін Сауд Арабиясына келгенін және барлық ұйымдастыру шаралары жоғары деңгейде әрі тыныш жағдайда өтіп жатқанын атап өтті. Сонымен қатар, Қазақстан Елшісі қазіргі қажылық маусымының Таяу Шығыстағы күрделі әрі тұрақсыз жағдай аясында өтіп жатқанын, осыған байланысты қауіпсіздік, үйлестіру және өзара қолдау мәселелерінің ерекше маңызға ие екенін жеткізді. Қалыптасқан сын-қатерлерге қарамастан, барлық мүдделі тараптардың бірлескен күш-жігерінің арқасында қажылықты қауіпсіз әрі толыққанды орындауға қажетті жағдайлар жасалғаны атап өтілді.

Өз кезегінде, қажылық миссиясының төрағасы Кенжетай Байкемелұлы Қазақстанның Сауд Арабиясындағы Елшілігі мен Жидда қаласындағы Бас консулдығына қажылықты ұйымдастыруға көрсеткен жан-жақты қолдауы мен қазақстандық қажыларға көрсетілген көмегі үшін алғыс білдірді.

Отырыс барысында қазақстандық қажылардың қажылықты орындауға дайындығы, туроператорлар тарапынан көрсетілетін қызмет сапасын арттыру, сондай-ақ қажылықты ұйымдастыру мен сүйемелдеуге қатысты өзге де өзекті мәселелер жан-жақты талқыланды.

Атап айтқанда, қажылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, барлық тартылған тараптардың қызметін үйлестіру және ұйымдастырушылық тетіктерді жетілдіру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қатысушылар үйлесімді әрі жауапты өзара іс-қимылдың маңыздылығын атап өтіп, қажылық маусымындағы жұмыстың тиімділігін арттыруға бағытталған ұсыныстарымен алмасты.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-riyadh/press/news/details/1227130?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді