1000-нан астам жаңа жұмыс орны: «Ауыл аманаты» Қарағанды облысы ауылдарының экономикалық келбетін өзгертуде

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қарағанды облысы ауылдық аймақтарында жүзеге асып жатқан «Ауыл аманаты» бағдарламасы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беріп отыр. Жоба іске қосылған төрт жыл ішінде шамамен 700 жеке қосалқы шаруашылық пен 139 ауыл шаруашылығы кооперативі қаржыландырылған. Соның нәтижесінде ауылдарда 1000-нан астам тұрақты жұмыс орны ашылып, жергілікті тұрғындар өз ісін бастауға әрі кеңейтуге нақты мүмкіндік алды.

Бағдарламаға қатысушылардың бірі — Надежда Елікбаева. Ол көкөніс өсіру ісін небәрі 25 шаршы метрлік шағын жылыжайдан бастаған. Кейіннен отбасының қолдауымен 60 шаршы метрлік қосымша жылыжай салынғанымен, өндіріс көлемін кеңейту қажеттілігі туындаған.

— Бизнес-жоспарым бұрыннан дайын еді, алайда қаржы тапшылығы оны жүзеге асыруға мүмкіндік бермеді. «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы мемлекеттік қолдаудың тиімді тетіктерін пайдаланып, жобамды іске асыра алдым, — дейді Надежда Елікбаева.

Бүгінде жылыжай шаруашылығы тұрақты табыс көзіне айналып, отбасы бюджетіне елеулі үлес қосуда. Кәсіпкер алдағы уақытта өндірісті кеңейтіп, қыс мезгілінде — қарашадан сәуірге дейін өнім өсіруге мүмкіндік беретін заманауи термос-жылыжай салуды жоспарлап отыр.

«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында микрокредиттер жылдық 2,5 пайызбен, 5–7 жыл мерзімге дейін беріледі. Қаржы мал және егін шаруашылығын дамытуға, ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын сатып алуға, қайта өңдеу өндірістерін ашуға, сондай-ақ ауылдық кәсіпкерліктің өзге де бағыттарын дамытуға бағытталады. Бағдарлама ауылдағы бизнесті өркендетіп, жаңа жұмыс орындарын құруға және тұрғындардың табысын арттыруға ықпал етуде.

Бағдарлама қатысушыларының тағы бірі — Динара Хасенова. Ол алғашында үй жағдайында ғана жартылай дайын өнімдер әзірлеп, жақындары мен таныстарына ұсынып келген. Уақыт өте келе сұраныс артып, өндірісті кеңейту қажеттілігі туындаған.

— Бастапқыда бұл шағын үй өндірісі болатын. Кейін тапсырыс көлемі ұлғайып, цех ашу туралы шешім қабылдадым. «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы берілген жеңілдетілген қаржының арқасында қажетті жабдықтарды сатып алып, өндіріс қуатын арттыра алдым, — дейді кәсіпкер.

Ол қаражатқа қамыр илеу және өңдеу құрылғыларын, сондай-ақ өнімді мұздатуға арналған жабдықтарды сатып алған. Сонымен қатар бірнеше жергілікті тұрғынды жұмыспен қамтып, төрт адамнан тұратын шағын өндіріс цехын құрған. Бүгінде мұнда манты, самса, чебурек, голубцы мен котлет секілді өнімдер шығарылып, өңір нарығында жоғары сұранысқа ие.

Биыл бағдарлама аясында 260-тан астам микрокредит беру жоспарланып отыр. Бұл ауылдық жерлерде тағы да жүздеген жаңа жұмыс орнын ашуға және жергілікті экономиканы одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1227657?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді