Астанада Қ. Мұңайтпасов атындағы стадионның құрылысы аяқталды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы әйгілі футбол стадионының құрылысы аяқталғаны туралы жазды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

«Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы футбол стадионының құрылысын толықтай аяқтадық. Аңызға айналған бұл стадионның тарихы 1936 жылдан бастау алады және бүгін ол қайта жаңғырып, заманауи келбетке ие болды.

Бүгін ҚР Бас прокуроры Берік Асыловпен бірге құрылыс жұмысы толық аяқталған нысанды аралап көрдік. Стадион Арнайы мемлекеттік қордың қаражаты есебінен салынды. Бас прокуратура заңсыз жолмен иемденілген активтерді мемлекетке қайтару бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.

Спорт нысанының жалпы ауданы 18 мың 951 шаршы метрді құрайды. Стадион UEFA-ның 4-санатына сай келеді және 3 мың 600 көрерменге арналған. Стадион UEFA мен Қазақстан футбол федерациясының стандарттарына сай келетін заманауи спорт жабдықтарымен және жасанды жабынмен қамтамасыз етілген.

Нысанда көрерменге арналған трибуналар, конференц-зал, киім ауыстыратын бөлмелер, медициналық кабинеттер, әкімшілік блок пен техникалық аймақтар, сондай-ақ VIP-ложалар қарастырылған.

Сол сияқты стадионда жаттығу өткізіп жатқан балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілерімен әңгімелестік.

Жобаны іске асыру елорданың спорт инфрақұрылымын дамытуға және қалалық әрі республикалық деңгейдегі жарыстарды өткізу үшін заманауи жағдайлар жасауға бағытталған.

Қазіргі уақытта нысанды пайдалануға беру бойынша заңдық және ұйымдастырушылық рәсімдер жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта стадион Астана қаласы әкімдігінің «№8 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі» КММ теңгерімінде болады.
Стадионның толықтай ашылуы 4 маусымға жоспарланып отыр. Ол 2013 жылы туған жасөспірімдер арасында БЖСМ мен ОРМБЖСМ командалары қатысатын Қазақстан Республикасының жыл сайынғы футбол чемпионаты аясында өтеді. Чемпионатқа еліміздің түрлі өңірлерінен мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектептері, олимпиадалық резерв мектептері мен футболшылар даярлау орталықтары атынан ең мықты 15 команда қатысады.

Турнир Қазақстандағы балалар-жасөспірімдер футболы жүйесіндегі маңызды республикалық жарыстардың бірі болып саналады және бұқаралық спортты дамытуға, балалар мен жасөспірімдер арасында футболды насихаттауға, сондай-ақ жас спортшылардың даярлық деңгейін арттыруға бағытталған», – деп жазды Жеңіс Қасымбек.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1228010?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді