
Нұрдәулет Қилыбай Қызылөзен ауылында мектеп бітірушілер шарасына қатысты
Бүгін, 25 мамырда аймақ басшысы Нұрдәулет Қилыбай Түпқараған ауданы Қызылөзен ауылындағы «Зұлқарнай Оспанұлы Баймырзаев атындағы жалпы білім беретін мектепте» өткен «Заң және тәртіп – халықтық Конституция құндылықтары» атты мектеп бітірушілерге арналған салтанатты жиынға қатысты. Мерекелік шараға ұстаздар, ардагерлер, ата-аналар мен мектеп түлектері қатысты. Жиын барысында биылғы оқу жылында білім, спорт және өнер салаларында жетістікке жеткен түлектердің есімдері аталып, олардың жетістіктері таныстырылды. Салтанатты жиында сөз сөйлеген өңір басшысы түлектерді жаңа өмір белесімен құттықтап, оларға сәттілік тіледі.
– Бір қарасаң, бұл – 365 күннің ішіндегі бір күн ғана, жыл сайын өтетін дәстүрлі соңғы қоңырау секілді көрінеді. Бірақ бүгін – ерекше сәт. Бір қолыңнан ата-анаң, бір қолыңнан ұстазың ұстап жетектеген өмір жолының бір белесі аяқталды. Әрқайсыңыздың жүректеріңізде қара шаңырақ мектебіңізге деген қимастық, ұстаздарыңызға деген сағыныш, бірге өскен сыныптас-достарыңызға деген ақ тілек жатыр. Алдарыңызда сан түрлі жол, үлкен өмір күтіп тұр. Еңбек етсеңіздер, білім алудан жалықпасаңыздар, талмай ізденсеңіздер – биік белестерді бағындырасыздар. Алған білімдеріңізді туған жердің, елдің игілігіне арнаңыздар. Сәттілік серіктеріңіз болсын! Құрметті ұстаздар, шәкірттеріңіз жақсы жаңалықтың жаршысы болып, әрдайым жетістіктерімен қуанта берсін! – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Шара барысында 1-сынып оқушылары түлектерге естелік сыйлықтарын табыстап, мектеп бітірушілер ұстаздарына арнап өлең оқып, вальс биін биледі. Сонымен қатар оқушылардың концерттік бағдарламасы ұсынылып, соңғы қоңырау соғу рәсімі өтті. Сондай-ақ мектеп түлектері білім ордасының ауласына ағаш көшеттерін егіп, мектепке деген құрметі мен туған жерге жанашырлықтарын көрсетті. Айта кетсек, биыл Маңғыстау облысындағы 216 мектептің 11-сыныбын 10 059 оқушы аяқтап отыр. Оның ішінде 321 түлек «Алтын белгіге», 661 түлек «Үздік аттестатқа» үміткер. Сонымен қатар 9-сыныпты 16 190 оқушы тәмамдаса, олардың 825-і «Үздік аттестатқа» үміткер.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau-uvp/press/news/details/1227565?lang=ru

Жауап қалдыру