
Бүгін аймақ басшысы Берік Уәли Францияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Сильван Гиогемен кездесті.
Кездесу барысында облыс әкімі өңірдің әлеуетіне, инвестициялық, туристік, аграрлық мүмкіндіктеріне тоқталып, аймақта шетелдік инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасалғанын айтып, француз компанияларын бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырды.
Сонымен қатар кездесуде су шаруашылығы мен гидроэнергетика саласындағы ынтымақтастық мәселелері де қозғалды. Француздық тарап су ресурстарын тиімді пайдалану, заманауи технологияларды енгізу және шағын су электр станциялары бағытында байланыс орнатуға мүдделі екенін жеткізді.
Аймақ басшысы елшіге өңірге арнайы келгені үшін алғыс білдіріп, облыс әкімдігі барлық салада бірлесе жұмыс істеуге дайын екенін айтты.
«Қазақстан мен Франция арасындағы ынтымақтастық соңғы жылдары жаңа сапалы деңгейге көтерілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Францияға ресми сапары және Франция Президенті Эмманюэль Макронның Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары екіжақты стратегиялық серіктестікті нығайтуға зор серпін берді. Бұл жоғары деңгейдегі кездесулер саяси диалогты тереңдетіп, сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды кеңейтуге жол ашты. Сіздің екі елдің саяси, әлеуметтік, экономикалық қарым-қатынасын нығайтуға қосып жатқан үлесіңіз зор. Кездесуде айтқан ұсыныстарыңызды қуана қабыл аламыз. Бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз», – деді Берік Уәли.
Облыс әкімі кездесуден соң мәртебелі қонақты Семейде салынып жатқан жаңа ықшам ауданның жобасымен таныстырды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/1228001?lang=ru

Жауап қалдыру