
Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайұлы Талапты ауыл округінің тұрғындарымен кездесіп, 2025 жылы атқарылған жұмыстар мен 2026 жылға жоспарланған жобалар жөнінде баяндады.
Кездесу барысында аудан басшысы округтің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталып, инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, білім, денсаулық сақтау және абаттандыру салаларында жүзеге асқан жұмыстарды атап өтті.
2025 жылы «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Көкмардан ауылындағы Д.Жезмырзаев және Шытты ауылындағы Қ.Өмірзақова көшелеріне 2600 метр асфальт төселіп, аудандық бюджет есебінен Шытты және Көкмардан ауылдарындағы М.Сәрсенбаев, Қ.Серікбаев көшелеріне 1800 метр асфальт жол салынды. Сонымен қатар, М.Қабылов көшесіне 1940 метр жарықтандыру жүйесі орнатылып, Шытты ауылындағы М.Кудайбергенов көшесіне тас төселді.
Сондай-ақ, Сарыкөл елді мекеніне ауыз су мұнарасы орнатылып, Көкмардан ауылындағы орталық аялдамаға асфальт төселіп, сахна орнату, «Ардагерлер саябағын» абаттандыру жұмыстары жүргізілді.
Әлеуметтік салада да бірқатар жұмыстар атқарылып, аз қамтылған отбасыларға қаржылай, азық-түлік және қатты отын түрінде көмектер көрсетілді. 35 азамат ақылы қоғамдық жұмыстарға тартылып, тұрғындарды жұмыспен қамту шаралары жүйелі жүргізілді.
Ауыл шаруашылығы саласында 3213 гектар жер игеріліп, егістік алқаптарында тамшылатып суғару, қарқынды бау және жылыжай жұмыстарын дамытуға басымдық берілгені айтылды.
Кездесуде 2026 жылға жоспарланған жұмыстар да таныстырылды. Атап айтқанда, Көкмардан ауылындағы М.Қабылов көшесіне аяқ жол салу, Сарыкөл ауылына спорт алаңшасын орнату, А.Дәрібаев және С.Айнабеков көшелерін жарықтандыру, Ынталы ауылындағы көшелерге тас жол төсеу, сондай-ақ Астана және Ж.Тастанбек көшелеріне асфальт жол салу жоспарланған.
Жиын барысында тұрғындар тарапынан ауылішілік жолдар, жарықтандыру, инфрақұрылым және әлеуметтік мәселелер бойынша ұсыныс-пікірлер айтылып, аудан әкімі көтерілген мәселелер кезең-кезеңімен шешімін табатынын жеткізді.
Кездесу соңында Қайрат Жолдыбайұлы тұрғындарды бірлік пен ауызбіршілікке шақырып, ауылдың дамуы жолындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-otyrar-audany/press/news/details/1227697?lang=kk

Жауап қалдыру