
Душанбеде «Тұрақты даму үшін су» халықаралық іс-қимыл онжылдығына арналған (2018–2028 жж.) Жоғары деңгейдегі төртінші халықаралық конференция қарсаңында трансшекаралық ынтымақтастық мәселелері бойынша форум өтті. Форум аясында трансшекаралық су ресурстарының тұрақтылығына арналған министрлік диалогы ұйымдастырылды.
Іс-шараға Орталық Азия елдерінің су шаруашылығы ведомстволарының басшылары қатысып, трансшекаралық су ресурстарының тұрақтылығын арттыру, цифрлық шешімдерді енгізу, климаттың өзгеруіне бейімделу және өзен бассейндері деңгейінде су ресурстарын басқару тетіктерін жетілдіру мәселелерін талқылады.
ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов өз сөзінде Қазақстанның Өзбекстанмен бірлесіп Сырдария өзені бассейнінде су есебін автоматтандыру бағытында атқарып жатқан жұмысына тоқталып, мұндай шешімдерді өңірлік деңгейде одан әрі ілгерілетудің маңызын атап өтті.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған БҰҰ жүйесі аясында Халықаралық су ұйымын құру бастамасының маңыздылығы ерекше аталды. Бұл бастама халықаралық өзара іс-қимылды нығайтуға және су қауіпсіздігі саласында әлемдік қауымдастық күшін біріктіруге бағытталған.
«Қазір тек мәселелерді талқылап қана қоймай, нақты бірлескен жұмыс тетіктерін іске қосу маңызды. Ол үшін ортақ болжам жасау, деректермен алмасу, цифрлық технологияларды енгізу және трансшекаралық су бассейндерін тиімді басқару жүйесін қалыптастыру қажет», – деді Нұржан Нұржігітов.
«Тұрақты даму үшін су, 2018-2028 жылдар» халықаралық іс-қимыл онжылдығына арналған Жоғары деңгейдегі төртінші халықаралық конференция аясында пленарлық сессия өтеді. Онда делегация басшыларының баяндамалары мен мәлімдемелері тыңдалады. Қазақстан делегациясына Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов жетекшілік етуде.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/water/press/news/details/1227574?lang=ru

Жауап қалдыру