
Құрметті мектеп бітіруші түлектер, ардақты ұстаздар мен қадірлі ата-аналар!
Сіздерді ерекше толқыныс пен қуанышқа толы «Соңғы қоңырау» мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Соңғы қоңырау – әр адамның жадында мәңгі сақталатын, балалық шақ пен үлкен өмірдің арасын жалғайтын айрықша белес. Бұл – мектеп қабырғасында өткен қызықты да әсерлі күндермен қоштасып, жаңа өмір жолына қадам басатын сәт. Сондықтан да бұл күн түлектер үшін ғана емес, олардың жетістігіне қуанып отырған ата-аналар мен шәкірттеріне білім мен тәрбие берген ұстаздар үшін де ерекше мәнге ие.
Мемлекет басшысы білім мен ғылым саласын дамытуға, өскелең ұрпақтың сапалы білім мен саналы тәрбие алуына әрдайым басымдық беріп келеді. Бүгінде елімізде жас буынның заман талабына сай білім алып, жан-жақты дамуына барлық жағдай жасалуда. Осындай игі істің алдыңғы шебінде жүрген ұстаздар қауымының еңбегі өлшеусіз. Ұрпақ тәрбиесіне адал қызмет етіп, білім нәрімен сусындатып келе жатқан барша ұстаздарға шынайы ризашылығымды білдіремін!
Ұстаздардың қажырлы еңбегінің нәтижесінде биылғы мектеп бітіруші 3062 оқушының 228-і «Алтын белгі», 247-сі «Үздік аттестат» үміткерлері. Одан бөлек, 4001 оқушы 9-сыныпты аяқтаса, 4165 оқушы бастауыш білім сатысын тәмамдап отыр. Бұл – білім саласындағы жүйелі жұмыстардың, шәкірттердің ізденісі мен еңбегінің жемісі.
Қымбатты жас түлектер!
Сіздер үшін өмірдің жаңа кезеңі басталғалы тұр. Алда жауапты сынақтар, маңызды шешімдер мен үлкен мүмкіндіктер бар. Білімге деген құштарлықтарыңыз бен мақсатқа деген табандылықтарыңыз сіздерді биік белестерге жетелейді деп сенемін.
Ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары нәтиже көрсетіп, өздеріңіз армандаған оқу орындарының студенті атанып, ел дамуына үлес қосатын білікті де білімді маман болуларыңызға шын жүректен тілектеспін! Қай салада еңбек етсеңіздер де туған жердің абыройын асқақтатып, еліміздің өркендеуіне қызмет ететін азамат болып өсіңіздер.
Сіздерге мықты денсаулық, жарқын болашақ, толағай табыс пен биік жетістіктер тілеймін!
Ізгі ниетпен,
Серік Үсенұлы Мамытов
Жетісай ауданының әкімі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-zhetisai/press/news/details/1227463?lang=ru

Жауап қалдыру