САРЫАҒАШ: ТҮЛЕКТЕРГЕ САЛТАНАТТЫ СОҢҒЫ ҚОҢЫРАУ СОҒЫЛДЫ

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Сарыағаш ауданының барлық білім беру ұйымдарында оқу жылының аяқталуына арналған «Соңғы қоңырау» мерекесі өтті. Бұл – шәкірттердің жүрегінде мәңгі сақталатын, қимастық пен қуаныш қатар өрілген ерекше күн.

Мерекелік іс-шаралардың бірі Сарыағаш қаласындағы №3 М.Ломоносов атындағы мектепте ұйымдастырылды. Салтанатты жиынға аудан әкімі Арман Абдуллаев қатысып, мектеп бітіруші түлектерді құттықтап, ізгі тілегін жеткізді. Сонымен қатар, іс-шараға Түркістан облыстық полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының басшысы Ғалым Тұрысбеков, аудан прокуроры Мақсат Мошхалов, аудандық полиция басқармасының басшысы Досжан Нұсқабеков және аудандық білім бөлімінің басшысы Айсұлу Қалдықараева қатысты.

Аудан басшысы өз сөзінде білімнің адам өміріндегі маңызына тоқталып, жас түлектерге үлкен сенім артылатынын атап өтті.

– Бүгінгі соңғы қоңырау үні – сіздердің жаңа өмірге жасаған нық қадамдарыңыздың бастауы. Мектеп қабырғасында алған білім мен тәлім – келешек өмірлеріңізге бағыт-бағдар беретін баға жетпес қазына. Әрдайым биік мақсат қойып, ел дамуына үлес қосатын білімді де білікті азамат болуларыңызға тілектеспін. Мемлекет тарапынан жастардың сапалы білім алуы мен жан-жақты дамуына ерекше көңіл бөлінуде, – деді Арман Абдуллаев.

Іс-шара барысында ұстаздарға алғыс айтылып, оқу озаттары мен белсенді оқушылар марапатталды. Сонымен қатар, мектеп бітіруші түлектер әсерлі ән айтып, қоштасу вальсін билеп, мерекелік көңіл күй сыйлады.

Айта кетсек, 2025-2026 оқу жылында Сарыағаш ауданы бойынша 4104 оқушы мектеп бітіруде. Олардың 3397-сі Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысады. Биыл аудан бойынша 269 оқушы «Алтын белгіге», 334 оқушы «Үздік аттестатқа» үміткер атанып отыр.

Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-saryagash/press/news/details/1228002?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді