Жамбыл облысында 14 мыңнан астам оқушы мектеппен қоштасты

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев соңғы қоңырау мерекесіне арналған «Мектебім саған, мың алғыс!» атты салтанатты жиынға қатысты.
 
Тараз қаласындағы Ә. Бөкейханов атындағы №1 гимназияда өткен шарада аймақ басшысы барша жамбылдық баланы құттықтап, жас түлектер мен оқушыларға, ұстаздар мен ата-аналарға ізгі лебізін жеткізді.
 
– Сіздер – Жаңа Қазақстанның жарқын болашағы, елдің сенімі мен тірегісіздер. Білімдеріңіз бен жастық жігерлеріңізді туған елдің өсіп-өркендеуіне арнайды деп сенемін. Қайда жүрсеңіздер де, туған жердің абыройын асқақтатып, ел үмітін ақтайтын азамат болыңыздар! Болашақтарыңыз баянды, жолдарыңыз ашық болсын! Сәттілік пен толағай табыс тілеймін! – деді Ербол Қарашөкеев.
 
Биыл Жамбыл облысы бойынша 531 білім беру ұйымын 245 мыңнан астам оқушы аяқтады. Оның ішінде 14 мыңнан аса түлек алтын ұя мектебімен қоштасып, үлкен өмірге қадам басты.
 
2025-2026 оқу жылы білім мен еңбектің, талап пен таланттың жемісті жетістіктерімен ерекшеленді. Биыл 670 түлек «Алтын белгіге», ал 1181 оқушы үздік аттестатқа үміткер атанды.
 
Жамбылдық оқушылар республикалық және халықаралық білім бәйгелерінде де жоғары нәтиже көрсетіп келеді. Облыс құрамасы ғылыми жобалар байқауында 17 жыл қатарынан «Ең үздік команда» атағын иеленсе, республикалық олимпиадада «Ең үздік олимпиадалық команда» атанды.
 
Салтанатты шара барысында өнерлі түлектер мен оқушылар ән мен биден шашу шашып, мерекелік көңіл күй сыйлады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl/press/news/details/1227704?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді