2026 жылғы қаңтардан бастап зейнетақы және әлеуметтік төлемдер мөлшерінің ұлғаюы туралы

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қазақстан Республикасының «2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңына сәйкес, Абай облысы бойынша Әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің департаменті 2026 жылғы қаңтардан бастап зейнетақы және әлеуметтік төлемдер мөлшерін арттыру бойынша жұмыстар жүргізді.

          Айлық есептік көрсеткіш (АЕК) – 4 325 теңге:

Ең төменгі зейнетақы – 69 049 теңге:

Тіршілік ету минимумы – 50 851 теңге

          Ең алдымен, өткен жылы мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелері уақтылы және толық көлемде орындалғанын атап өткім келеді. Қазіргі таңда республикалық бюджет есебінен әлеуметтік төлемдердің 41 түрі төленеді, оның ішінде базалық және ынтымақты зейнетақылар бар, олардың мөлшері жыл сайын индекстеліп отырады.

           Жыл басынан бері зейнетақы мен жәрдемақылар төлеуге шамамен    5,9 трлн теңге бағытталды. Бұл 4,6 млн адамды, соның ішінде 2,5 млн зейнеткерді және 2,1 млн мемлекеттік жәрдемақы алушыны қамтиды.

          Абай облысы бойынша 2026 жылғы 1 қаңтарға  барлығы 278 075 адам зейнетақы және жәрдемақы алады. Оның ішінде жасына байланысты зейнетақы алушылар – 102 491 адам, мүгедектік бойынша жәрдемақы – 17 165 адам, асыраушысынан айырылғандар – 7 177 адам, көпбалалы аналар – 7 040 адам, арнайы мемлекеттік жәрдемақы алушылар – 15 065 адам және т.б.

          2026 жылғы 1 қаңтардан бастап барлық мемлекеттік жәрдемақылардың, базалық және ынтымақты зейнетақылардың мөлшері Ұлттық банк белгілеген инфляция деңгейіне сәйкес 10%-ға ұлғайтылды.

         Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2023 жылдан бастап 5 жыл ішінде базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері тіршілік ету минимумы көлемінің 70%-ына, ал ең жоғарғысы 120%-ына дейін кезең-кезеңімен арттырылуда.

         Осылайша, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі базалық зейнетақы – 35 596 теңге (тіршілік минимумының 70%), ең жоғарысы – 60 005 теңге (118%).

         Мысалы, 2019 жылы зейнетке шыққан азамат 2025 жылы бюджеттен 171 588 теңге алған, оның ішінде базалық зейнетақы – 50 851 теңге ынтымақты зейнетақы – 120 737 теңге. 2026 жылғы өсімнен кейін оның жалпы зейнетақысы 192 816 теңгеге жетеді, оның ішінде базалық – 60 005 теңге, ынтымақты – 132 811 теңге.Бұл сомаға БЖЗҚ төлемдері кірмейді.

         2026 жылдан бастап жасына және еңбек өтіліне байланысты зейнетақылар 10%-ға артты.

         Жаңа тағайындалатын зейнетақыны есептеу үшін ескерілетін ең жоғары табыс – 55 АЕК (237 875 теңге).

                   2026 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақылардың өсуіне бірнеше мысалдар:

  • 1, 2, 3 балаға туу жәрдемақысы 149 416 теңге → 164 350 теңге, 4 және одан көп балаға 247 716 теңге → 272 475 теңге;
  • 4 баласы бар отбасыларға – 63 030 теңге → 69 330 теңге,10 баласы барларға – 157 280 теңге → 173 000 теңге;
  • I топ мүгедектігі – 101 702 теңге → 111 873 теңге, II топ – 81 362 теңге → 89 498 теңге, III топ – 55 474 теңге → 61 022 теңге.

       Сондай-ақ, асыраушысынан айырылу және еңбекке жарамсыздық бойынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры (МӘСҚ) арқылы төленетін төлемдер 10%-ға өсті.

       Төлемдердің мөлшері жеке есептеледі және мына көрсеткіштерге байланысты: соңғы 2 жылда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына (МӘСҚ) аударылған әлеуметтік жарналар есептелген орташа айлық табысқа, еңбекке жарамдылықтан айырылу коэффициенттеріне, асырауындағы адамдардың санына, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне және табысты алмастыру деңгейіне байланысты.

        Мүгедектік және асыраушысынан айырылу бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінің 177 және 236-баптарына сәйкес белгіленеді.

Қазақстан Республикасында мүгедектікке және асыраушысынан айырылу жағдайына байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар 2026 жылғы қаңтардан бастап тіршілік ету минимумының ұлғаюына байланысты (50 851 теңге) арттырылды.

        2026 жылғы қаңтардан бастап айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) ұлғаюына байланысты мына төлемдердің мөлшері арттырылды:

  • №1 және №2 тізімдер бойынша мемлекеттік арнайы жәрдемақылар;
  • жерлеуге арналған біржолғы төлем;
  • «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған және «Ана даңқы» орденінің I және II дәрежелерімен марапатталған көпбалалы аналарға арналған мемлекеттік жәрдемақылар;
  • баланың тууына байланысты біржолғы мемлекеттік жәрдемақы;
  • баланың бір жарым жасқа толуына дейін оны күтуге арналған біржолғы мемлекеттік жәрдемақы;
  • Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) табысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем алушыларға баланы 1,5 жасқа дейін күтуіне байланысты міндетті зейнетақы жарналарына берілетін ай сайынғы бюджеттік субсидия;
  • Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінің 190-бабы 3-тармағының 1) 17) тармақшаларында көзделген арнайы мемлекеттік жәрдемақылар;
  • Семей ядролық полигонында жүргізілген ядролық сынақтар салдарынан зардап шеккен азаматтарға, жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарына және олардың балаларына тағайындалған, бірақ төленбеген біржолғы ақшалай өтемақылар.
  •  

Абай облысы бойынша департамент басшысы –  бас мемлекеттік әлеуметтік инспектор      Ерембаева А.А.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek-abay/press/news/details/1228053?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді