
Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің төрағалығымен аппарат отырысы өтіп, онда жазғы сауықтыру науқанын ұйымдастыру және демалыс кезінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қаралды.
Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, полиция, төтенше жағдайлар, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменттерінің, сондай-ақ басқарма басшылары қатысты.
Облыстық білім басқармасының басшысы Марат Әлменов оқу жылының қорытындысы туралы баяндама жасады. Оның мәліметінше, 2025–2026 оқу жылында өңірдегі 235 мектепте 154 мыңға жуық шәкірт білім алды. Биыл 11-сыныпты 8 000-нан астам түлек тамамдаса, 13 906 оқушы 9-сыныпты бітірді. “Алтын белгі” белгісіне 252 түлек, ал үздік аттестат алуға 445 оқушы үміткер.
Талқылаудан кейін облыс әкімі оқу жылының қауіпсіз аяқталуын және жазғы сауықтыру науқанына жүйелі дайындықты қамтамасыз етуді жүктеді.
Аймақ басшысы мектеп бітіру кештерін өткізу кезінде оқушылардың қауіпсіздігін сақтауға айрықша назар аударып, жауапты қызметтерге қауіпсіздік шараларын күшейтуді және оқушылар мен ата-аналар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуді жүктеді.
Облыс әкімі атап өткендей, дәл осы уақытта жастардың өздерін оқушылық кезеңнен өттік деп есептеп, түнде көшеде, ойын-сауық орындарында қараусыз жүруі, оқыс оқиғаларға тап болуы, кейде құқық бұзатын жағдайлары да жиілей түседі. Тәжірибе осыны көрсетіп отыр. Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ата-ана немесе заңды өкілсіз көшеде жүруі олардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіретін жағдай.
Облыс әкімі кәмелетке толмағандардың автокөлік, мопед немесе скутерлер жүргізуіне қатысты мәселелерге де арнайы тоқталды. Оның сөзінше, бұл жағдайларда техниканы басқаруға жасы жетпеген баласына көлік алып берген және соны жүргізуге рұқсат еткен ата-аналар да жауапты болады.
“Балалардың құқығын қорғау және денсаулығын сақтау — Мемлекет басшысы белгілеген мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығының бірі. Жаз кезінде құқық қорғау органдарымен бірге алдын алу шараларын күшейту, бірлескен рейдтер мен патрульдеуді ұйымдастыру, ата-аналарға түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет, – деді облыс әкімі.
Салалық ведомстволар да шомылу маусымында балалардың қауіпсіздігін ерекше бақылауға алуға міндеттелді. Оларға жағажайларда, су қоймаларының жағалауларында, бассейндерде және тұрғындар көптеп жиналатын демалыс орындарында жүйелі профилактикалық іс-шаралар өткізу тапсырылды.
Серік Шәпкенов жиынды қорытындылап, өскелең ұрпақтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі мемлекеттің, ата-ана мен қоғамның ортақ жауапкершілігінде екенін баса айтты. Аймақ басшысы өңірдегі бейінді қызметтерден жаз бойына жұмысты өзара үйлестіріп, тиімді әрекет етуді талап етті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/1228732?lang=ru

Жауап қалдыру