Дайын тағамдарды жеткізу: тағамнан уланудың санитариялық-эпидемиологиялық қауіптері және алдын алу шаралары

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Бүгінде дайын тағамдарды жеткізу қызметі жай ғана қолайлылық емес – күнделікті өмірдің қалыпты бөлігіне айналды. Уақытты үнемдеу мен ыңғайлылықтың арқасында дайын тағамдарды жеткізу қызметіне сұраныс артып келеді. Сонымен қатар, санитариялық-эпидемиологиялық талаптар сақталмаған жағдайда мұндай өнімдер тағамнан улануға және ішек инфекцияларының таралуына себеп болуы мүмкін.

Тағам жеткізу – бұл асүйден тұтынушыға дейінгі жол ғана емес, қауіпсіздіктің маңызды «тізбегі». Негізгі қауіп факторларына сапасыз шикізатты пайдалану, қызметкерлердің жеке гигиена ережелерін сақтамауы, тағамды дайындау, сақтау және тасымалдау шарттарының бұзылуы жатады.

Курьерлердің қарапайым сөмкелері қауіпті инфекциялар мен тағамнан уланудың көзіне айналуы мүмкін. Егер курьер сөмкесі лас немесе дұрыс өңделмеген болса, тағамға сальмонелла, стафилококк, ішек таяқшасы секілді бактериялар түсуі ықтимал. Дайын тағамдарды жеткізу қажетті температуралық режимді сақтайтын, өнімді ластанудан қорғайтын және жеткізу барысында сапасын қамтамасыз ететін арнайы термосөмкелер арқылы жүзеге асырылуы тиіс. Сонымен қатар, сөмкелерді уақтылы тазаламау және залалсыздандырмау, олардың герметикалығының бұзылуы, температуралық режим сақталмай ұзақ тасымалдау, сондай-ақ айқаспалы ластану (шикі өнімдер мен дайын тағамды, таза және қолданылған ыдысты бірге тасымалдау) патогенді микроорганизмдердің көбеюіне қолайлы жағдай туғызады. Әсіресе температуралық режим бұзылған жағдайда қауіп жоғарылайды, өйткені жылы орта бактериялардың көбеюіне өте қолайлы.

Сонымен қатар, медициналық тексеруден өтпеген адамдардың жұмысқа тартылуы инфекция көзі болуы мүмкін. Дайын тағам өнімдерін жеткізетін курьердің медициналық тексеруден өткені, гигиеналық оқудан өткендігі және жұмысқа рұқсаты көрсетілген жеке медициналық кітапшасы болуы тиіс. Эпидемиологиялық жағдайға байланысты тағаммен байланыс кезінде бір реттік қолғаптар мен маскалар қолданылуы қажет. Терісінде іріңді жаралары, жұқтырған кесік, күйік, сырылған жерлері бар, жоғарғы тыныс жолдары ауруларының белгілері байқалатын немесе инфекциялық ауруға күдік туғызатын адамдар жұмысқа жіберілмейді.

Тұтынушылар да сақтық шараларын ұстануы қажет. Тапсырысты алған кезде контейнердегі таңбалауды (күні мен уақытын), қаптаманың бүтіндігін тексеріп, бүліну немесе ластану белгілері бар өнімді қабылдамаған жөн. Жеткізілгеннен кейін тез бұзылатын тағамдарды бірден тұтыну немесе сақтау талаптарына сәйкес тоңазытқышта сақтау қажет.

Өнімнің сапасына күмән туындаған жағдайда жеткізу қызметіне хабарласып, тағамды тұтынудан бас тартқан дұрыс.

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/departament-kkbtu-kostanay/press/news/details/1228556?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді