
21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай Жамбыл облысында сала мамандарына арналған кең ауқымды мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. «Talbesik» этно-орталығында ашық аспан астында өткен ерекше форматтағы думанды кешке өңірдің мәдениет пен өнер саласында еңбек етіп жүрген қызметкерлері қатысты.
Мерекелік жиын аясында ұлттық нақыш пен спорттық рух үндескен тартысты сайыстар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, ерлер мен әйелдер арасында қол күрес, ерлер арасында 24 келі гір тасын көтеру және әйелдер арасында 25 келі қант көтеруден жарыстар өтті. Қатысушылар өзара күш сынасып қана қоймай, ұйымшылдық пен сергек рухтың үлгісін көрсетті.
Нәтижесінде ерлер арасындағы қол күресте Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның әншісі Орынбасар Бақытұлы топ жарса, әйелдер арасындағы қол күресте облыстық орыс драма театры директорының орынбасары Айнұр Байназарова жеңімпаз атанды. Ал 24 келі гір тасын көтеруден филармония әншісі Дулат Жасұзақов үздік нәтиже көрсетсе, 25 келі қант көтеруден Тілдерді оқыту орталығының ақпараттық және ұйымдастыру бөлімінің маманы Айнұр Тәуел жеңіске жетті.
Жеңімпаздар арнайы дипломдармен және 50 мың теңгелік қаржылай сыйақымен марапатталды. Мерекелік іс-шара мәдениет саласы қызметкерлерінің бірлігін нығайтып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған тағылымды кешке айналды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-cultura-arhiv/press/news/details/1228563?lang=ru

Жауап қалдыру