
Түркістан облысында Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай ұлттық мәдени мұраны дәріптеп, музей саласындағы үздік жетістіктерді насихаттауға бағытталған облыстық «Музейлер шеруі» байқауы қорытындыланды. Салтанатты іс-шарада өңір музейлерінің үздіктері марапатталып, сала мамандарының еңбегі жоғары бағаланды.
Байқаудың ең басты марапаты – «Үздік музей» номинациясының бас жүлдесін Отырар ауданы «Руханият – Әбу Нәсір әл-Фараби» музейі иеленді. Жеңімпаз ұжымға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің атынан автокөлік табысталды.
Сонымен қатар, «Үздік музей» номинациясы бойынша І орын Қажымұқан атындағы облыстық спорт музейіне, ІІ орын Бәйдібек аудандық сәулет-көркем музейіне, ІІІ орын Кентау қалалық музейіне берілді.
Байқау аясында музей ісін дамытуға үлес қосқан бірқатар мекемелер мен қызметкерлер арнайы аталымдар бойынша марапатталды.
Атап айтқанда, «Ұлы Дала Елі» орталығы «Ұлы Дала тарихы бағытындағы үздік жұмысы үшін», Облыстық бейнелеу өнері музейі «Өнер бағытындағы үздік жұмысы үшін», Ордабасы аудандық тарихи-өлкетану музейі «Тарихи-өлкетану бағытындағы үздік жұмысы үшін», Сұлтанбек Қожанов атындағы Созақ тарихи-өлкетану музейі «Мемориалдық бағыттағы үздік жұмысы үшін», Түркістан облысының мақта шаруашылығы тарихы музейі «Мәдени-ағартушылық бағытындағы үздік жұмысы үшін» арнайы жүлделермен марапатталды.
Сондай-ақ «Үздік экскурсовод» номинациясында өз ісінің үздіктері анықталды. Бас жүлдені «Ұлы Дала Елі» орталығының экскурсия жүргізушісі Жарылқасын Ақниет Нұржанқызы иеленді.
Айта кетейік, облыстық «Музейлер шеруі» байқауы музей саласының кәсіби деңгейін арттыруға, тарихи-мәдени мұраны кеңінен насихаттауға және сала мамандарының еңбегін қолдауға бағытталған маңызды жоба саналады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-otyrar-audany/press/news/details/1228080?lang=kk

Жауап қалдыру