
Нұрдәулет Қилыбай өзге өңірлерден келген мәслихат депутаттарымен кездесті
Бүгін, 26 мамырда Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Шығыс Қазақстан, Ақмола облыстары және Астана қаласынан келген мәслихат депутаттарымен кездесті. Делегация өңірге тәжірибе алмасу және өзара ынтымақтастықты нығайту жөніндегі меморандум аясында Маңғыстау өңіріне арнайы іссапармен келді.
Кездесу барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, туризм саласының әлеуеті, инвестициялық жобалар, инфрақұрылымдық мәселелер және өңіраралық байланысты күшейту бағыттары талқыланды.
Аймақ басшысы мәртебелі меймандарға Маңғыстаудың қонақжай өңір екенін атап өтіп, өңірдің тарихи-мәдени мұрасы мен туристік мүмкіндіктеріне тоқталды.
– Маңғыстау – қонақжай ғана емес, табиғаты мен тарихы үндескен ерекше өлке. Біздің өңір талантты жастарымен, мәдениетімен және жетістіктерімен мақтанады. Соңғы жылдары білім мен инновация бағытында да жақсы нәтижелерге қол жеткізіп келеміз. Мәселен, робототехника саласы бойынша Жаңаөзен жастары республикалық, халықаралық дәрежеде жақсы жетістіктер көрсетуде. Осындай кездесулер өңіраралық байланысты нығайтып, өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді, – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Өз кезегінде делегация өкілдері Маңғыстаудың табиғи ерекшелігіне, туризм мен экологияны ұштастырған бастамаларына жоғары баға беріп, тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасағаны үшін аймақ басшысына алғыстарын білдірді. Сондай ақ, жиын барысында ішкі туризмді дамыту мәселесіне ерекше назар аударып, еліміздің өзге өңірлеріндегі балалар мен жастарды Маңғыстауға демалысқа және танымдық сапарларға жіберу жөнінде ұсыныс айтылды.
Айта керейік, сапар аясында қонақтар өңірдің тарихи-мәдени орындарын, туристік нысандарын және теңіз инфрақұрылымын аралап, Маңғыстаудың экономикалық және туристік әлеуетімен танысты. Сондай-ақ тараптар өңіраралық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі екендерін жеткізді.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau-uvp/press/news/details/1228501?lang=ru

Жауап қалдыру