
Облыс әкімінің орынбасары Дарын Шамұратовтың төрағалығымен облыстық ҮЕҰ-мен өзара іс-қимыл және ынтымақтастық жөніндегі Кеңес отырысы өтті. Жиын барысында аудандарда атқарылып жатырған жұмыстар талқыланып, нақты нәтиже беретін жобаларға басымдық беру қажеттігі айтылды.
Өз кезегінде облыстық Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Әбіл Жоламанов облыста қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге және азаматтық белсенділікті арттыруға бағытталған 8 ірі жоба іске асырылып жатырғанын атап өтті. Олардың қатарында «Креативті кадр» фотобайқауы, «Киелі мекен» клубы, «Legacy» бейнероликтер циклі, «Жайық жырлайды» жобасы, «ТАНЫМ» байқауы, «Zero Waste» көрме-байқауы және «Адалдық жаршысы» мүшайрасы бар.
Сонымен қатар алдағы уақытта гранттық қаржыландыру есебінен қосымша 10 жобаны іске асыру ұсынылды. Жобалар мүгедектігі бар азаматтармен жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдарды қолдауға, олардың сұраныстарын қамтамасыз етуге, нашақорлықтың алдын алуға және әдебиетті насихаттауға бағытталған.
Жиын қорытындысында өңірдегі үкіметтік емес ұйымдардың әлеуетін арттыру, мемлекеттік мекемелермен өзара байланысты нығайту және әлеуметтік жобалардың тиімділігін күшейту бағытындағы жұмыстарды жалғастыру қажеттігі айтылды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau-sayasat/press/news/details/1228374?lang=ru

Жауап қалдыру