
С.Сейфуллин атындағы орталық кітапхана ұйымдастырған «Кешкі кітапхана» жобасы аясында ақын, Қазақстан Жазушылар одағы мүшесі, «Шабыт» халықаралық шығармашылық фестивалінің жүлдегері, республикалық «Үркер» әдеби сыйлығының Гран-при иегері, Хабар агенттігі «Оян» таңғы бағдарламасының шеф-редакторы Толқын Қабылшамен «Толқын да толқын ғұмырым» атты әдеби-сазды кездесу кеші өтті.
Кешті Қазақстан Жазушылар одағының Жетісу облыстық филиалы төрағасы Жангелді Немеребай жүргізді. Шара барысында ақынның шығармашылығы мен өмір жолынан сыр шертетін бейнеролик көрсетіліп, жырсүйер қауым әсерлі кештің куәсі болды.
Кездесу кешіне өңірдің зиялы қауым өкілдері мен ақын-жазушылары қатысып, ақынға жүрекжарды лебіздерін білдірді. Атап айтқанда, Қазақстанның құрметті жазушысы Нүсіпбай Әбдірахым, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Нұрила Бектемірова, ақын Талапбек Азамбай сөз сөйлеп, Толқын Қабылша шығармашылығына жоғары бағаларын берді.
Сонымен қатар, ақындар Гүлбақыт Қасен, Сағыныш Намазшамова, Азамат Нұрмұхан, Салтанат Құмархан, Зирагүл Нұрданбек, Санжар Сұлтанғазы жырдан шашу шашып, әуезді әндер орындады.
Кеш иесі Толқын Қабылша өз өлеңдерін оқып, оқырмандарымен еркін форматта сұхбат құрды. Жыр мен ән үндескен рухани кеш көрерменге ерекше әсер сыйлады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-archive/press/news/details/1228196?lang=ru

Жауап қалдыру