
Түркістан облысының білім басқармасының Түркістан қаласының білім бөлімінің №32 жалпы білім беретін мектебінде мектеп бітіруші түлектерге арналған салтанатты іс-шарасы өтті.
Мерекелік жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев қатысып, жас түлектерді маңызды мерекемен құттықтады. Ол өз сөзінде бүгінгі жас буын – елдің жарқын болашағы екенін атап өтіп, талапты жастарға сәттілік пен үлкен өмір жолында толағай табыстар тіледі.
Салтанатты жиын барысында №32 мектеп директоры Айгүл Бабашева сөз сөйлеп, мектеп бітіріп отырған тұңғыш түлектерге сәт-сапар, үлкен өмір жолында биік белестерді бағындыруларына тілектестік білдірді. Сонымен қатар білім мен тәрбиені қатар ұстанып, ел мақтанышына айналатын азамат болуға шақырып, өзінің жүрекжарды лебізін арнады.
Іс-шарада аталған білім ордасының ұстаздары мен оқуда озат, үздік нәтиже көрсеткен оқушылар марапатталды. Ата-аналар комитетінің атынан мектеп ұжымы мен ата-аналарға алғыс айтылып, жас түлектерге ақ жол тіледі.
Соңғы қоңыраудан кейін «Заң мен тәртіп – халықтық конституция құндылықтары» тақырыбындағы тәрбие сағаттары оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және қоғамдық тәртіпті сақтауға бағытталды.
Мектеп түлектері ұстаздарына ризашылықтарын білдіріп, іс-шара қимастыққа толы әсерлі сәттерге ұласты. Кештің сәнін келтіретін биші қыздар қазақтың әуезді әуендерімен мың бұрала би билеп, мерекеге ерекше рух пен көпшілік көңіліне көрік сыйлады.
Айта кетейік, биыл №32 жалпы білім беретін мектебін алғаш рет 52 түлек бітірді. Оның 4-еуі «Алтын белгі» белгісіне, ал 3-еуі үздік аттестатқа үміткер атанып отыр.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/1228940?lang=ru

Жауап қалдыру