
UKIMET Telegram-арнасының хабарлауынша, жазғы демалыс кезінде Қазақстанда 11 135 демалыс орталығы жұмыс істеп, 3,2 миллион балаға сауықтыру және демалыс қызметтерін ұсынады.
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова айтуынша, бірқатар бағдарламалар дайындалған: шамамен 3 миллион бала мектеп жанындағы демалыс орталықтарында уақыт өткізеді, тағы 168 мың оқушы маусымдық орталықтарда, ал 44 мыңнан астамы жыл бойы жұмыс істейтін орталықтарда демалады. Әлеуметтік осал топтағы балаларға ерекше көңіл бөлінген: аз қамтылған отбасылардан шыққан 729 мың бала мен ерекше білім беру қажеттіліктері бар 53 мың баланың демалысы қамтамасыз етіледі. Республикалық «Балдаурен», «Бөбек» орталықтарында халықаралық, республикалық пәндік және IT-олимпиадалардың, шығармашылық және спорттық байқаулардың жеңімпаздары қатарындағы 5 мың бала сауықтыру және дамыту шараларына қатысады. Ал өңірлерде мұндай қолдау 370 мың дарынды балаға көрсетіледі. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін барлық мекемелерге полиция инспекторлары бекітіліп, қызметкерлердің соттылығы тексерілді.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев балалардың жан-жақты дамуы мен олардың қолайлы ортада бос уақытын тиімді өткізу мәселесіне ерекше назар аударады. Осыған байланысты Президент тапсырмаларына сәйкес, соңғы 3 жылда 100 оқушылар сарайы мен өнер мектебі, 50 балалар сауықтыру орталығы, 24 мың орынға арналған 44 қосымша білім беру нысаны салынды. Жыл соңына дейін 3800 орындық 10 нысанның құрылысы аяқталады. Сонымен қатар, осы кезеңде 2800 орынға арналған 15 балалар сауықтыру орталығы ашылды, ал биыл 840 орындық тағы 4 сауықтыру орталығы пайдалануға беріледі», — деді министр Үкімет отырысында.
Жаңа қосымша білім беру мекемелері робототехника кабинеттерімен, компьютерлік зертханалармен, ойын алаңдарымен және балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға арналған басқа да заманауи инфрақұрылыммен жабдықталған.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanai-kostanai-nadezhdin/press/news/details/1228327?lang=ru

Жауап қалдыру