
Ұстаз – ұлт болашағын тәрбиелейтін, жүрек жылуын шәкірт бойына сіңіретін қасиетті мамандық иесі. Осындай саналы ғұмырын бала тәрбиесіне арнап келе жатқан педагогтердің бірі – Павлодар облысы Шарбақты ауданы Хмельницкий жалпы білім беру орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі, педагог-зерттеуші Сағит Күлзипа.
Қырық жылға жуық ғұмырын ұстаздық қызметке арнаған тәжірибелі педагог бүгінгі таңда тек білім берумен ғана шектелмей, оқушылардың шығармашылық және зерттеушілік қабілеттерін дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді. Ұстаздың басты мақсаты – әр баланың бойындағы табиғи қабілетті байқап, оны дамытуға жол ашу.
Күлзипа Сағитқызы сабақ барысында оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттыру үшін түрлі шығармашылық жұмыстарды тұрақты ұйымдастырады. Соның ішінде ғылыми жобаларға баулу жұмысы ерекше орын алады. Ұстаз шәкірттеріне зерттеу жұмыстарының қыр-сырын үйретіп, жобаның мақсатын айқындауға, өзектілігін анықтауға, ізденіс жүргізуге бағыт-бағдар береді.
Ғылыми жоба – үлкен табандылықты, үздіксіз ізденісті талап ететін күрделі жұмыс. Кейбір жобалар бірнеше жыл зерттеуді қажет етеді. Осындай сәттерде Күлзипа Сағитқызы оқушыларды зерттеу күнделігін жүргізуге дағдыландырып, олардың қызығушылығын жоғалтпай, алға ұмтылуына қолдау көрсетеді. Ұстаз еңбегінің нәтижесі де аз емес.
2017 жылы 4-сынып оқушысы Рахметуллаев Аманжол «Ірімшіктің жасалу жолдары» тақырыбында ғылыми жоба қорғап, зерттеу барысында ұлттық тағамның дайындалу ерекшеліктерін зерделеді.
Ал 4 «А» сынып оқушысы Марат Телеубек «Қара сабынның жасалу жолы» жобасы арқылы халқымыздың тұрмыстық бұйымдарының жасалу технологиясын зерттеді.
Тағы бір шәкірті Габдулгазиз Айлана мал сүйектерінің ерекшеліктерін зерттеп, ұлттық қолөнерге қызығушылық танытты.
Оқушылардың ғылыми ізденістері аудандық және облыстық деңгейде жоғары бағаланып, жүлделі орындарға ие болды. Әсіресе ұлттық қолөнер бағытындағы жұмыстар ерекше жетістіктерге жетті.
2020 жылы Сатиева Жансель «Мүсіндік ойыншықтарды сүйектен жасау» жобасымен облыстық кезеңде ІІ орын иеленсе, 2025 жылы Кабленова Айлана «Мүйізден мүсіндік ойыншықтар жасау» жобасы бойынша облыстық байқауда ІІ орынға ие болды. Сонымен қатар, қабықтан мүсіндік ойыншықтар жасау жобасы облыстық деңгейде І орынмен марапатталды.
Бұл жетістіктер – ұстаз бен шәкірттің бірлескен еңбегінің жемісі. Күлзипа Сағитқызы үшін әр оқушының табысы – үлкен қуаныш әрі ұстаздық еңбектің ең жоғары бағасы.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar-edu/press/news/details/1228851?lang=ru

Жауап қалдыру