
25 мамыр күні Орталық коммуникациялар қызметінде Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Жәннат Дүбірованың қатысуымен министрлікке қарасты салалардағы цифрлық трансформация мәселелеріне арналған брифинг өтті.
Вице-министрдің айтуынша, ведомство жүргізіп жатқан цифрлық реформалардың негізгі бағыты — әкімшілік рәсімдерді жеңілдету, уақыт шығындарын қысқарту, деректерді жүйелеу және жасанды интеллект элементтерін енгізу.
Бүгінде министрлік жер қойнауын пайдалану, геология, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және өнеркәсіп салаларында, сондай-ақ елдің энергетика және коммуналдық секторын жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба аясында бірқатар цифрлық шешімдерді кезең-кезеңімен іске асырып жатыр.
Ж. Дүбірованың мәліметінше, жер қойнауын пайдалану саласындағы негізгі рәсімдерді бірыңғай цифрлық форматқа көшіру үшін табиғи ресурстарды басқаруды жаңа деңгейге шығаратын Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасын дамыту жұмыстары жүргізілуде.
«Бүгінде платформа арқылы 22 мемлекеттік қызмет көрсету түрлері автоматтандырылып, қолжетімді болып отыр. Сонымен қатар электронды аукциондар мен жазылу бонусын онлайн төлеу тетіктері де іске қосылды. Қазіргі уақытта 729 лицензия берілді. Цифрлық формат қағаз құжат айналымын азайтып, қызметтерді жедел алуға мүмкіндік береді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша жер қойнауын пайдаланушылар лицензиялық-келісімшарттық міндеттемелер (ЛКУ) бойынша есептіліктің 89%-ын электронды түрде тапсырды. Келесі кезең – өзара электронды әрекеттесуді кеңейту және деректер сапасын арттыру», – деді вице-министр.
Сонымен қатар ондаған жылдар бойы жинақталған геологиялық есептерді, карталар мен архивтік құжаттарды цифрландыру жұмыстары аяқталуға жақын. Қазіргі уақытта тарихи геологиялық деректердің 97,5%-ы (шамамен 4,7 млн парақ) сканерленді.
«Цифрландырудың өзі түпкі мақсат емес. Бұл деректер көлемін кейінгі талдау мен шешім қабылдау үшін бірыңғай жүйеге біріктіру қажет. Сондықтан қазір біз геология саласында деректерді талдау және жасанды интеллект технологияларын дамытып жатырмыз. Мамандарға жекелеген құжаттармен емес, барлық ақпарат жиынтығымен жұмыс істеуге мүмкіндік беретін бірыңғай геодеректер базасы қалыптасуда. Қазірдің өзінде шешімнің прототипі жасалып, көлемі шамамен 1 терабайт болатын алғашқы деректер массиві жүктелді. Біздің міндетіміз – іздеу мен түрлі дереккөздерді салыстыруды жеделдету және бастапқы талдау сапасын арттыру. Бұл ретте түпкілікті шешімді әрдайым мамандар қабылдайды», – деп атап өтті спикер.
Құрылыс саласында ӨҚМ деректердің аумақты жоспарлау кезеңінен бастап нысанды пайдалануға беруге дейін ақпарат жоғалмайтын және қайта енгізілмейтін тұтас үздіксіз цифрлық процесті қалыптастыруды мақсат етіп отыр.
Негізгі құрал ретінде бас жоспар, егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары және инженерлік-коммуналдық желілер туралы мәліметтер жинақталған мемлекеттік қала құрылысы кадастры пайдаланылады. Бірыңғай базаның болуы кеңістіктік деректерді талдауға арналған компьютерлік көру құралдарын енгізуге мүмкіндік берді. Нәтижесінде нақты құрылыс пен бекітілген жоспарлар арасындағы сәйкессіздіктерді анықтау уақыты бірнеше күннен бірнеше сағатқа дейін қысқарды.
Жобалық құжаттарды автоматты түрде тексеру құралы бас жоспарлардағы деректерді өздігінен салыстырып, сәйкессіздіктерді анықтайды, соның арқасында бір жобаны тексеру уақыты 16 сағаттан 9 сағатқа дейін қысқарды.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында Smart Turmys цифрлық жүйесі енгізілуде. Бұл – ресурстарды есепке алу жүйелерімен біріктірілген, азаматтардың коммуналдық саламен ыңғайлы цифрлық интерфейс арқылы өзара іс-қимыл жасауына арналған бірыңғай платформа.
«Сонымен қатар коммуналдық ресурстарды есепке алу жүйесі дамытылып, салаға қатысушылардың барлығын кезең-кезеңімен интеграциялау қамтамасыз етілуде. Біздің міндетіміз – коммуналдық саламен өзара іс-қимылды ыңғайлы етіп, саланы басқаруға арналған деректер сапасын арттыру», – деп атап өтті Ж. Дүбірова.
«Энергетикалық және коммуналдық секторды жаңғырту» ұлттық жобасы (ЭКСЖ) аясында жүздеген мердігер мен жеткізушіні біріктіретін электрондық сатып алу платформасы іске қосылды. Жедел бақылау үшін басшылыққа арналған аналитикалық дашборд енгізілді. Сондай-ақ сынақ режимінде пайдаланушыларға сатып алу рәсімдерінде жылдам бағдарланып, үлгілік құжаттамамен жұмыс істеуге көмектесетін жасанды интеллект негізіндегі SKAI-Contract интеллектуалды модулі іске қосылды.
Өнеркәсіпті дамыту мәселесіне тоқталған вице-министр цифрландырудың тиімділігі өндірістік алаңдардағы нақты экономикалық өзгерістермен өлшенетінін, ал іске қосылған сервистер санымен бағаланбайтынын атап өтті.
«Министрлік Индустрия 4.0 технологияларын енгізуге басымдық береді. Атап айтқанда, жабдықтарды мониторингілеу, өнеркәсіптік аналитика, цифрлық егіздер және автоматтандырылған басқару жүйелері енгізілуде. Біздің міндетіміз – мұндай шешімдердің кәсіпорындар өнімділігі мен тұрақтылығы және басқарушылық шешімдер сапасын арттырудағы сенімді құралына айналуына жағдай жасау», – деп түйіндеді вице-министр.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mps/press/news/details/1228504?lang=ru

Жауап қалдыру